Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Иманым − менің жиғаным» атты білім бәйгесі өтті

29.01.2015 4487 0 пікір

«Иманғали» орталық мешітінде жас ұстаз Бибінұр Урбисинованың ұйымдастыруымен «Иманым − менің жиғаным» атты қыз-келіншектер арасындағы шариғи білім сайысы өткізілді. Аталмыш шара шәкірттердің 3-4 ай аралығындағы алған білімдерін шыңдау мақсатында жасалды. Жиынғаақжаулықты әжелер, ардақты да асыл аналар  мен имандылыққа бет бұрған қыз балалар қатысты.

Алдымен сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы: «Адамға білім алудың қаншалықты сауап екендігін әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінен білуімізге болады. Ілім − дүние мен ақырет бақытының кілті. Құран Кәрімнің 670 жерінде ілім жайында баян етіледі», – деді. Бұл бастаманы құптаған бас имам қыз бала болашақ ана екенін әрі  оларға имани білім берілгенде ғана ертеңгі ұрпақтың тәрбиелі боларын ерекше атап кетті.

Сайыс барысында қатысушылар екі топқа бөлініп, «Таныстыру», «Білімді мыңды жығар», «Сүннет – салтымыз, хадис − ғұрпымыз», «Тапқыр болсаң тауып көр» атты 4 бөлімнен тұратын кезеңнен өтіп, алған білімдерін ортаға паш етті. Дегенмен, мешіттің әйелдер жамағатынан құралған әділқазылар тиісті бағаларын беріп, жеңімпаздар анықталып, мақтау грамоталар мен естелік сыйлықтар да табыс етілді.

Білім бәйгесіне тәнті болған көрермендер мен қатысушылар ақ дастархан басында мұнан әрі бас қосты.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру