Атырау қаласы «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінде екі дүние сардары Мұхаммед пайғарымыздың (с.ғ.с.) туылған Мәуліт айының құрметіне орай «Адамзаттың асылы» атты рухани әрі қайырымдылық шара өткізілді.
Жиынға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша жастар ісі жөніндегі өкілі Арман Амангелдіұлы, Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Бекболат Оразұлы, "Иманғали" орталық мешітінің ақсақалдар төрағасы Махмуд Шәріпқалиұлы арнайы қатысты.
Өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы: «Әуелі барша жиылған қауымды мәуліт мерекемен құттықтаймын. Осындай діни мерекелердің елімізде кең көлемді аталуы Тәуелсіздігіміздің арқасында деп ұғынуымыз қажет. Сондықтан Алла тағалаға шүкірлік етуіміз керек. Бізге қазіргі таңда жастар арасында ауызбіршілік пен ынтымақ әрі шынайы тәрбиелік қажет. Жаратқан Алла еліміздің ынтымағы мен бірлігін мұнан да баянды етсін деп тілейік», – деді отырған қауымға. Сонымен қатар, бас имам шараға жиылған жастарға уағыз-насихат айта келе, «Мәуліт» мерекесінің мәні мен маңызына тоқталды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырынан да сыр шертті.
Мереке барысында асыл дініміз жайлы иләһи термелер төгіліп, имани өлеңдерге де кезек берілді. Кездесу соңында әлеуметтік жағдайы төмен және тұл жетім 30 балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, олардың өлшемдеріне сай мешіт тарапынан қысқы-жазғы аяқкиімдер, спорттық киімдер алынып, бастан-аяқ киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Қасиетті айда осындай қайырымдылық көрсеткен мешіт ұжымына колледж директоры Бекболат Оразұлы студенттер атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, алғысын жеткізді.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
28.01.2015
3444
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру