Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атыраулық аналар мәуліт айында бас қосты

27.01.2015 3142 0 пікір

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жер-жерлерде мәуліт айына орай тәлімі мол шаралар ұйымдастырылуда. Аталған мәуліт айын қадірлеп өткізу мақсатында Атырау өңіріндегі имандылықты серік еткен аналар жағы да бей-жай қарап қалмады.

Қаңтар айының 25-күні Атырау қаласы, «Иманғали» орталық мешітінде әйел жамағатының қатысуымен мәулітке арналған рухани кеш өткізілді. Оған жүзден аса ақжаулықты әжелер, ардақты да асыл аналар  мен имандылыққа бет бұрған қыз балалар қатысты.

Алдымен сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы әйел жамағатын Мәуліт мерекемен құттықтап, қасиетті айдың мән-маңызына тоқталды. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Аллаға сансыз шүкірлер болсын, біздің елімізде де бұл үрдісті жалғастыру, тіпті кең көлемде атап өту жылдан-жылға жанданып келеді. Қай қырынан алып қарасақ та, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) исі мұсылман жұртының үлгі тұтар идеалы бола алатын бірден-бір тұлға», - деді бас имам Б.Берденұлы. Сондай-ақ, өңірдің өкілі адамзаттың абзалы болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойындағы асыл қасиеттері жайлы уағыз айтып, ғибратқа толы өмірінен сыр шертті.

Сондай-ақ, шара барысында мешіт ұстаздары Бибінұр Урбисинова мен Кәтиб Миланбек ұстаздардың атсалысуымен ислам тарихынан үн қататын тәрбиесі терең сахналық көріністер әйел жамағатын серпілтіп, көзге жас алдырды. Сегіз кісіден құралған «Иманғали» орталық мешітінің аналар хоры Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті арттыратын иләһи әуендер орындап, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) барша жамағат салауат айтып, сәлем жолдады. Асыл дінімізді насихаттаған кешегі бабаларымыздың да әндері де назардан тыс қалмады. Екі сағатқа ұласып мешіт ішінде өткізілген мәуліт шарасы қарт анадан бастап, өздерімен ере келген немерелеріне дейін өз әсерін қалдырды.

Мұнан соң барша әйел жамағатына мешіт тарапынан мерекелік ақ дастархан жайылып, емен-жарқын уағыз-насихат тыңдау мүмкіншілігі онан әрі жалғасты. Дастархан үстінде ұстаздар тарапынан мәні зор тәрбиелік сөздер айтылса, мәуліт шарасының куәсі болған аналар жағы «Иманғали» орталық мешітіне ерекше алғыстарын білдіріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне, жас ұрпақтың иманды да ибалы болып өсуіне ақ тілектерін білдірісті.  

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру