Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дәстүрмен сабақтасқан мерейлі Мәуліт! (ФОТО)

26.01.2015 3653 0 пікір

Мүбарак Мәуліт айы да аяқталуға таяп қалды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жарқын бейнесі мен өмір жолын халықпен кеңінен қауыштырған бұл мүбарак мерекені Алматыдағы «Таугүл-3»мешіті де ерекше атап өтті. «Жәннатқа жол сілтеуші – әз Мұхаммед( с.ғ.с)» деп аталатын Мәулітке қария да, жас та, сәби де, қоғам қайраткерлері, өнерімен елге танымал тұлғалар келіп бір дастархан басына жайғасты.

«Таугүл-3» мешітінің бас имамы Нұржан Дарқұлов мырза мерекенің беташар сөзін айтып, Мәуліттің маңыздылығына тоқтала келе, осындай игі шараларға Алматыдағы 41 мешітті жұдырықтай жұмылдырып отырған Алматы қалалық Орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Есмағанбетке сөз берді. «Қанша  оқысақ та қайта оқудан жалықтырмайтын, білген сайын таңқалдыра беретін Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірін тек мәуліт айында ғана емес, күн сайын паш етсек те жарасады. Ал қазіргі мәуліт айында Алматыдағы мешіттердің барлығы Алла елшісінің (с.ғ.с) өнегелі ғұмырын жан жақты насихаттап, халықпен бір табан болса да жақындата түсуге себепші болуда. Қасиетті Құран оқылып, Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылған жерде береке бар. Ендеше бұл мәуліт еліміздің аман,жұртымыздың берекеге бөленуіне себепші ісшара деуге болады», - деп Нұрбек Есмағанбет мырза мәуліттің маңызын екшеп өтті.

Ақын Құл –Керім Елеместің жалынды жыры,елге танымыл Ерсін Әміренің  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғибратқа толы ғұмырының кез келген пенде елей бермейтін тұстарының хикметін қамтып өткен әсерлі уағызы, «Өнер қырандары» тобының мағыналы қойылымы, өрелі өлең, тәлімді термелер жиылған жұртты бір сәт те жалықтырмады.

Арнайы шақырылған қоңақтар арасында журналистер қауымы да имандылық пен Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі жайлы бірнеше бейнебаянды тамашалап, ерекше рухани әсер алғандай. Ал Құран аяттары мен хадистермен сабақтасқан халықтың мақал мәтелдері жайлы сайысқа жиылған жұрттың барлығы дерлік белсенді ат салысуы ел санасында дініміз бен дәстүріміздің егіз ұғымдай орны барын байқатты. Бәйге жеңімпаздарына бағалы  сыйлықтар беріліп, білім иелеріне құрмет көрсетілді. Осылайша  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуіріне саяхаттап, рухымен қауышқандай күй кешкен жамағат ерекше әсерге бөленді. Ия,бір сәтке Алланың сүйікті әрі соңғы елшісімен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) табыстырғандай күй сыйлаған  мерейлі мәуліттің жиылған жамағатқа берген әсері де өлшеусіз екені даусыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру