Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ескелдідегі есте қалар Мәуліт

26.01.2015 3830 0 пікір

Салауат жауған мүбәрак Мәуліт айының бір күнін Талдықорған өңіріне қарасты, Ескелді ауданының жұртшылығы тағылымды бас қосуға арнады.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен мәуліт мерекесіне халық көп жиналды. Оған ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Серікхан Ахмадиев, Ескелді ауданы әкімнің орынбасары

Қайырғали Әлібаев, ауылдық имамдар, т.б. құрметті қонақтар қатысты. Бұл айтулы шарада Алматы қаласынан арнайы шақырылған Құран ғылымының докторы,теолог, бірнеше кітаптың авторы ғалым Мұхитдин  Исаұлы Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі, оның өнегелі өмірі мен Алла жолындағы  ғибратты істері жайлы әсерлі уағызымен, жиналған халықты бір қуантты.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өшпес өнегесін қалдырған ілімін насихаттауға арналған бұл кеште Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак өмірінен сыр шерткен уағыз айтылып, діни әндер орындалды, жалынды жырлар оқылды. Ақындар Пайғамбарымызға (с.а.с.) мадақ жырларын арнады. Пайғамбарымыз (с.а.с.)-ға салауат айтылды. Кеш соңында Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Ахмадиевтің арнайы Алғыс хатымен, дініміз бен дәстүрімізді дәріптеп жүрген жасөспірім балаларға білім беріп, қайырымдылық жасаудан да тартынбай, дін үшін аянбай еңбек етіп жүрген ауданға қарасты ауыл имамдары да ескерусіз қалмай, Алғыс хатқа ие болды.

Сонымен қатар дін жолында аянбай жақсылық жасап жүрген, атап айтқанда, мешіт пен медіресеге, имамның үйіне, баспанаға зар болып жүрген отбасыларына баспанамен көмектескен бірнеше азаматтар да алғыс хатпен марапатталды.

Осы мәулітті ұйымдастырған Ескелді аудандық мешітінің бас имамы Жұмағалиев Болат Сағынғалиұлы, мәуліттің ойдағыдай өтуіне ат салысқан азаматтарға, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Тағы бір айта кетер жай, «Жақсылықта жарысыңдар» демекші, ауданның имамы осы бір игі істі ұйымдастыруға мұрындық болған ауданымыздың айтулы кәсіпкерлері Жанатбек Сарғалдақов, Жеңіс Сыдықұлының осы Мәуліт мерекесіне орай сыйға тартқан төрт түліктің төресі - жылқыны сойып, «Санжар» мейрамханасында жиналған халыққа ақ дастархан жайып, олардың разылығына бөленді.  

Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру