Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мектептегі Мәуліт мерекесі

26.01.2015 3999 0 пікір

Жуырда Шымкент қаласындағы № 74 негізгі орта мектебінде ұстаздар ұжымы мен оқушылардың ұйымдастыруымен адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айының құрметіне орай «Қош келдің, Мәуліт!» атты діни-танымдық рухани кеш болып өтті.

Кешті өткізудегі мақсат – Мәңгілік ел жалпыұлттық құндылығының  ертеңгі байрақ ұстар жас шәкірттерін өз тілін, ата-баба ұстанған өз дінін құрметтеуге, қайырымды болуға тәрбиелеу. «Елдің бірлігі – елдің тілегі, иманды ұрпақ – елдің тірегі» демекші мектеп директоры Н.Исакова, ата-аналар комитетінің төрайымы К.Жунисовалар жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, Пайғамбардың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырынан алатын үлгі-өнегенің көп екендігін тілге тиек етті.

Мерекелік кеште Алла Елшісінің (с.ғ.с.) рухына Құран бағышталып, өнегелі өмірі насихатталды. Игі қасиеттерін мадақтайтын илләһи әндер шырқалып, Ғаламның рахым нұры - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис өсиеттеріне негізделген сахналық қойылымдар қойылды.

Рухани кешке жергілікті ақсақалдары арнайы қатысып, білім алушы шәкірттерге оқуда озат болуға, ұстаздарға құрмет көрсетуге, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын иманды да, ибалы азамат болып тәрбиеленуіне тілектестігін білдіріп, батасын берді. Өз кезегінде «Исамиддин» мешітінің имамы М.Аманов мерекеге қатысып, игі шараның мағыналы өтуіне атсалысқан ұстаздар қауымына, өнерпаз шәкірттерге рахметін айтып, балаларға базарлық ретінде сыйлықтар тарту етті. Ізгі кештің өтуіне ұйытқы болған мектеп директоры Н.Исаковаға ерекше алғысын білдірді.

Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды жандар қашанда өзгелерге қол ұшын беруге дайын тұрады. Кеш барысында мектеп ұжымының бастамасымен, демеуші ата-аналардың қолдауымен қайырымдылық шарасы болды. Қайырымдылық шарасына зейнеткер ата-апаларымыз, мектеп ұстаздары, тіпті оқушыларға дейін ат салысып өз үлестерін қосты. «Көп түкірсе көл болады» демекші көпшіліктен қомақты қаражат жиналды. Жиналған қаражат көмекке зәру отбасылардың балаларының керек-жарақтарына жұмсалмақ.

Бұл мереке кеш қонақтарының рухани әлемін байытып, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббат сезімдерін жандандыра түсті деген ойдамыз.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
НҰРБОЛАТ САПАРБЕКОВ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру