Мәуліт айы басталғалы Атырау өңіріндегі игі шаралардың аясы кеңейіп, жалғасын таба түсуде. Қаңтардың 20-күні Атырау облысы, Мақат ауданы, «Мақат аудандық» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаевтың ұйымдастыруымен «Мәуліт мүбарак болсын» атты рухани кеш өткізілді. Игілігі мол бұл шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы, Мақат ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Мүсепов, теолог Айбек Аташев арнайы қатысты.
Мәуліт кеші қасиетті Құранның оқылумен ашылды. Кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Айдынұлы жиылған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Сонан соң өкіл имам Батыржан Берденұлы өз сөзінде: "Әуелі барша жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтай келе, осындай діни мерекелердің елімізде тойлануы Тәуелсіздігіміздің арқасында деп ұғуымыз қажет. Сондықтан мұнысына Алла тағалаға шүкірлік етуіміз керек. Бізге қазіргі таңда ауызбіршілік пен ынтымақ қажет. Жаратқан Алла еліміздің ынтымағы мен бірлігін баянды етсін деп тілейік," - деді. Сонымен қатар, бас имам шараға жиылған қауымға Алла тағаланың рақымдылығын тілей келе, «Мәуліт» мерекесінің мәні мен маңызына тоқталды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайлы сыр шертті.
Сондай-ақ, Мәуліт мерекесіне арналған кезекті жиын Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылы, Б.Бегалиев атындағы орта мектебінде өтті. Шараға «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев, «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов, Құрманғазы ауданы, "Темірәлі" мешітінің бас имамы Нұрлан Жарқымбаев, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Мұса Абдурахман және ауылдық округ әкімдері, аудан аппаратының қызметкерлері, аудан ақсақалдары мен ардагерлері арнайы қатысты.
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев екі дүние сардары Хақ елшісінің (с.ғ.с.) бүкіл әлемге тек рақым етіп жіберілгендігі жайлы тағылымы мол уағыз айтты. Және аудан әкімінің орынбасары Мұса Абдурахман сөз сөйлеп, барша келген қонақтарды мәуліт мейрамымен құттықтады.
Мереке барысында асыл дініміз жайлы иләһи әндер мен өлеңдерге де кезек берілді. Осылайша, екі ауданда аталып өткен Мәуліт кеші талай жүрекке жылу, көңілге иман, рухани азық сыйлады.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.01.2015
3509
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру