Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүние есігін ашу құрметіне, Жамбыл облысы, Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесі атап өтілді.
Мерекеге Тараз қаласында орналасқан 27 мешіт бірдей атсалысып, сол мешіттердің жамағаттары қатысып, жайылған дастарханнан дәм татты. Мереке отырысы әдеттегідей Құран оқылумен басталып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаевтың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап салауат айтудың қадір-қасиетіне арналған уағызына ұласты. Мерекенің арнайы қонағы болған Жамбыл облысы әкімдігі «Дін істері басқармасының» қызметкері А.Оразбаев пен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Олжабай сөз кезегінде, Мәуліт мерекесінің дінімізде алатын орыны айрықша екендігіне, әрі еліміздің ішкі тыныштығын сақтауда, сондай-ақ конфессияаралық өзара сыйластықты нығайтудағы тәрбиелік мәніне қысқаша тоқталды.
Дін мамандарының қатысуымен араб және қазақ тілдерінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолдарын баяндайтын мәуліт жырлары оқылғанда, барша жамағат болып, тік тұрып, салауатқа қосылды. Жасөспірімдердің қатысуымен шағын концерт беріліп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), Отанымызға арналған сүйіспеншілікке толы әндер шырқалды.
Дін істерінде үздік шыққан имамдарға Д.Жұмабаев марапат қағаздарын тапсырды.
Дініміздің өркендеуіне үлес қосып, қолдағы берекеден бөлісіп, мешіттердің ішкі қажеттіліктеріне көмек қолдарын созып жүрген азаматтар алғыс хатпен марапатталды.
Дін насихаты өзекті мәселенің бірі, сондықтан ҚМДБ тарапынан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына Тараз қаласы бойынша 10-жылдан бері үзбей жазылып келген азаматтарға да марапат қағаздары тапсырылып, асыл дінімізді таратуда қосқан үлестері үшін алғыстар айтылды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.01.2015
3043
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру