Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қош келдің мерекелі Мәуліт айы! (ФОТО)

21.01.2015 3700 0 пікір

Алматы облысы Сарқан аудандық мешітінің бас имамы Серікбек Асқарұлының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде мәуліт мерекесі кең көлемде аталып өтті.

Игі шараға жергілікті әкімшілік қызметкерлері, кәсіпкерлер, мешіт жамағаттары, сол ауданға қарасты ауыл имамдары, және арнайы облыстан келген Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан қажы Рымханұлы, өңірлік зекет қорынын өкілі Сарымолдаев Серік Құсайынұлы қатысты. Қасиетті мәуліт мерекесіне жиналған жұрттың көптігі сондай, залда ине шаншыр жер қалмады.

Әуелгі сөз өкіл имамның жүрекжарды құттықтауымен басталды. Аталмыш шарада әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы салауаттар оқылып, көңілге ой саларлық қойылымдар қойылды. Талдықорған өңірі зекет қорының өкілі Сарымолдаев Серік Құсайынұлы аудандағы тұрмысы төмен отбасылары мен көпбалалы ата-аналарға зекет қорының атынан қайырымдылық көмек жасады.

Аудандық «Дархан» мейрамханасында жайылған 400 орындық дастарханға өкіл имам алғашқы болып  сөз алып,  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)  өнегелі өмір тарихынан сыр шертті. Жергілікті аудан әкімі Ерғазы Қошамбекұлы  мерекеге қатысушы қонақтарды мәуліт мерекесімен құттықтап, әрі өкіл имамның аудан ауыл имамдарына тиісті жалақысын беру туралы өтінішін қабылдап, алдағы уақытта жалақының берілуіне мұрындық болуын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, әкім өкіл имамға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады. Жиналған жұрт айтылған уағыздармен сусындап, ақ баталарын беріп тарқасты. Мәуліт соңынан кейін, орталық «Иман» мешітінің наиб имамы Дәуітов Керімбек Сәрсембайұлы ауданға қарасты ауыл имамдарының басын қосып жиналыс жасады. Жиналыста ҚМДБ-ның бекіткен жұма уағызының  тақырыбымен айтылуы, мешіттің жылу мәселесі, 5уақыт намазда имамның өзі имамдық етуі, сауат ашу курсының жандануы, әрі сәлде-шапанның таза әрі жинақы болуы талқыланып тапсырмалар жүктелді. 

Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру