Екі дүниенің мырзасы, есімі бүкіл әлем мұсылмандарының жүрегінен ерекше орын алатын, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесі аталып өтті.
Бұл сауабы мол игі жиынға 200-ге жуық қонақтар арнайы шақырылды. Ұлттық киіз түрінде салынып, іші қазақи дәстүрмен безендірілген Қарасай ауданы, Райымбек ауылы, «Нұр-Мұсахан» мешітінің жанындағы кешен ішінде жиналған мұсылман қауымы екі дүние сұлтаны болған Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі жайлы кеңінен мағлұмат алып, сүннет амалдарын тағы еске түсіріп, көңілдері бір марқайып қалды. Арнайы шақырылған айтыскер ақын, әнші, термеші, композитор Омаров Жәкен Қазыбекұлы бауырымыз және жас термешілер өздерінің әдемі қоңыр дауыстарымен ғибратқа толы діни әндері мен күй, термелерін орындап, тыңдармандардың жүректеріне жылылық ұялатып, құлақтарының құрышын қандырды. Бұл жиында араб және қазақ тілдерінде Мәуліт-шариф жырланып, жүректерді жұмсартып, сүйікті Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген сағыныштан көзге еріксіз жас ұялатты.
Дастарқан басында отырған қауым арасында екі дүние шамшырағы болған Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірімен байланысты сұрақ-жауап ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар берілді. Сондай-ақ осы Мәуліт мерекесінде Алматы өңіріне қарасты аудандардағы жетімдер мен қарттар үйіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының атынан қайырымдылық жасалды. Қонаққа келген адамдардың әрқайсысына арнайы әзірленген сыйлықтар таратылды. Жиналған қала-ауыл жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алып тарқады. Осынау игілікті іс-шараны «Асыл арна» телеарнасы түсіріп, Қазақ елінің бүкіл мұсылман қауымына телеарна арқылы тарататын болды.
Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің баспасөз-қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.01.2015
3745
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру