Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атыраулық қазыналы қариялар мешітте бас қосты (ФОТО)

20.01.2015 3202 0 пікір

«Қарты бар ел - қазыналы» демекші, қарттарға құрмет көрсету, батасын алу қашан да қалыптасқан дәстүріміз. Қазақ елі қай кезде де үлкеніне құрмет, кішісіне ізет білдіре білген дана халық.

Атырау қаласы "Иманғали" орталық мешітінде Мәуліт мерекесіне орай мешіттің  қазыналы қариялары бас қосты. Осы ретте атай кететін бір жәйт, жыл басынан ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының ұйытқы болуымен мешіт ақсақалдарына діни рәсімдердің жөн-жоралғыларын дұрыс түсіндіретін он күндік семинар өткізілді.

Аталған күндер ішінде ақсақалдар Құраннан дәріс алып, діни рәсімдердің шариғат жолымен орындалу жолдарын үйреніп шықты. Аталмыш семинарды тәмамдаған қариялардан арнайы емтихан қабылданып, мешіт жанынан діни рәсімдерді өткізуге мүмкіндік алды.

Бас имам Б.Мансұров қарияларды Мәуліт мерекесімен құттықтай келе: «Ел арасында үлгі болып, ұрпаққа өнегелі із көрсетер ол қарттарымыз екені ақиқат. Міне, осы мақсатта қарияларымызды қадірлеп, құрметеу мақсатында сіздерге ақ дастарханымызды жайып, пейілімізді білдірейік деп бас қосудамыз. Әрбір игілікті шараларымызда өздеріңіз қасымыздан табылып жатасыздар. Сіздер ел ішінде, халық арасында көп жүргендіктен діни білімдеріңіз біршама артсын деген ниетпен арнайы курс өткіздік. Осы білген-түйгендеріңізбен халықтың ынтымағына, жастарымыздың тәрбиелі болып өсуіне аянбай үлес қосып жүре беріңіздер», - деді. Сондай-ақ, мәуліт дастарханында ардақты пайғамбар өмірінен мағыналы уағыз-насихат айтып өтті.

Жиын соңында өңірдің бас имамы Б.Берденұлы емтиханнан сүрінбей өткен 11 ақсақалға қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты. Қариялар жағы да бас имамның көрсеткен қамқорлығына дән ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығына, дініміздің өркендеп-өсуіне ақ баталарын берді.

 «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру