Жылдағы дәстүр бойынша Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы облыстық филармонияның концерт залында облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыздың туылған айына арналған Мәуліт мерекесі ерекше атап өтілді.
Мәуліт айы жыл сайын Ақтөбеде тек қана діни мереке ретінде емес, осы мерекеге жиналғандар күмбірлеген күйлер, тәлімдік-тәрбиелік мәні зор термелер мен жан дүниеңді баурап алатын әсем әндер тыңдап, театрланған қойылымдарды рахаттана көріп, танымдық-тағылымдық мәні мен мазмұны мол айтулы мерекелік шара түрінде өтіп келеді.
Биыл да облыс орталығының тұрғындары мен алыстан-жақыннан келген қала қонақтары Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыздың өнегелi өмiрi жайлы сырлы сыр шертетiн бұл мерекеге әдеттегіден тыс көп жиналды.
Салтанатты шараны шараны Дастан Сүлейменов жүргізіп отырды. Мәуліт шымылдығын «Нұр-Ғасыр» мешітінің азаншысы Асылхан Тұрлыбеков қасиетті Құран Кәрім сүрелерін оқумен ашты.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы, Әбдімүтәлі Қайназарұлы Дәуренбеков жиылған жұртты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Ол «мәуліт» деген сөздің мағынасынан бастап, бұл мерекенің тарихы және Алла Елшісінің (с.а.у.) қысқаша өмірбаяны мен көркем мінезі туралы тереңірек түсініктеме берді.
Өкіл имамнан кейін сөз алған Ақтөбе облысының Дін істері бойынша басқармасының басшысы Бауыржан Әбдірашұлы Есмахан жиналған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтап, өзінің ізгі тілектерін білдірді.
Бұдан кейін «Ақтөбе» медресесінің шәкірттері мен мешіт имамдары Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтты. Құлаққа жағымды дауыспен айтылған салауатқа мерекеге жиналғандар да орындарынан тұрып, үн қосып отырды.
Құдайберген Жұбанов атындағы университетінің «Тұмар» жастар театрының ұжымының «Бақыт деген не?» атты қойылымын ризашылық сезіммен тамашалағаннан кейін, мерекеге жиналғандар атақты күйші Жайлау Асылхановтың құлақтың құрышын қандырар күйлерін, елге белгілі термешілер Әділбек Сариннің, Елдос Жұмағұловтың және «Нұр-Ғасыр» мешіті жанындағы сауат ашу курсының шәкірті Нұрбол Қайырбекұлының жүректі толғандырар термелері мен қалалық мешіт жанындағы сауат ашу курсының шәкірті Тұрым Аханұлының әндерін сүйсіне тыңдап, рухани бір серпіліп қалды.
Өмірсерік ОРАЗАЛИН,
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.01.2015
3790
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру