2015 жылдың қаңтар айының 18-жұлдызында Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы Орынбасар қажының бастамасымен мешіт ұжымы мен Аудан имамдары бірігіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған айы Мәуліт мерекесіне орай үлкен дастархан жайып, рухани кеш өткізді. Мәуліт мерекесіне орай астың ерекшелігі дастархан үсті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таңдап ішкен шәрбаты зәм-зәм мен сүйіп жеген құрмалары, сонымен қатар табиғи шырын сығындылары мен тәтті тағамдармен ерекшеленді.
Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы сөз сөйлеп, дастарханға бұндай тағамдар қойылуының себебіне тоқталды. Бұл кеште арнайы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің құрметіне жиналғандықтан, Оның (с.ғ.с.) жақсы көрген тағамдарынан арнайы осындай кең дастархан жайылғандығын айтып өтті.
Рухани кешті Алматы орталық мешітінің азаншысы Ашимов Қасым жүргізді. Кештің құрметті қонақтары ҚМДБ «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбек және Алматы орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Есмағанбет барша жұртқа Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінен ғибратты уағыз-насихат айтып, ислам нәрімен сусындатты. Сонымен қатар рухани кеште, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға хижрет жасаған уақытында Мәдиналық ансарлардың ол кісіні құшақ жая қарсы алып айтқан әнін арнайы қазақ консерваториясының жігіттері орындап, жиылған көпшіліктің жүрегіне әсер еткендей болды. Кеште жас қариларымыз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат оқып, барша қонақтар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.
Рухани кештің тағы бір ерекшелігі Бас имам Орынбасар қажы арнайы бүкіл жамағатқа бағалы сыйлық әзірлеп, жиылған көпшілікке Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында болған оқиғалар жайында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Сұраққа жауап берген жамағатқа құнды сыйлықтар табыс етілді.
Әнші Жігер Ауыпбаевтың орындауындағы «Пайғамбарға сағыныш» термесі, кешке келген қонақтарымыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағынышын тербеткендей болды.
Кеш соңында «Бекет-ата» мешітінің арнайы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған күніне әзірлеген бейне роликтері көрсетіліп кешті аяқтады. Жиылған көпшілік ұйымдастырушы мешіт қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдіріп, тарқасты.
Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.01.2015
3974
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру