Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр Астана» мешітінде Мәуліт оқылды (ФОТО)

19.01.2015 3515 0 пікір

Екі дүниенің сардары, есімі күллі әлем мұсылмандары үшін ерекше, ардақты пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) құрметіне қасиетті күн жұмада «Нұр Астана» мешітінде Мәуліт оқылды. Бұл жұмада жиылған Елорда жұртшылығы аса бір ерекше көңіл-күй толқынысымен мешітке қадам басты. Дін қызметкерлері мүбәрак мерекеге орай барша жамағатқа жәннаттың жемісі болған құрмадан үлестірді.

Бұл жұма басқа жұмалардан өзгерек. Алла елшісінің ардақты есімі аталғанда жүрегі селт етпейтін, көңілі толқымайтын мұсылман баласы жоқ шығар бәлкім. Әлемге тек рахым етіп жіберілген, адамзаттың игі өмірі үшін жаралған асыл есім иесі барша жанның жүрегінің төрінде. Тек адам баласы емес, бүкіл жанды-жансыз жаратылыстың өзі Оның есімін зікір етіп, ұлықтайды. Адам баласы Оның алдында мәңгілік қарыздар. Тумысынан таза, күнә атаулыдан ада, ары таза сенім иесі өмірінің соңына шейін, Ұлы Досына оралар сәтте де үмметінің жайын ойлап өтті. Оның мүбәрак жаны үшін барша сахаба өмірін тігуге әзір болды. Оның есімін ардақтап әлем ғұламалары қалам тербеді. Барша ғылым Оның жеткізген Құраны мен хадисіне мойынсұнды.

Иә, барша әлем Оған иіліп тұрды. Бүгін Оны үмметі сағына еске алады. Өміріміз – оның өнеге-өсиетімен мәнді-мағыналы. Ардақтымыз жайлы қасиетті Құранда «Расында сендер үшін, Алладан ақырет күнінен үміттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшін пайғамбарда әлбетте тамаша үлгі өнегелер бар»,-делінген. Ал өз сөзінде әз пайғамбарымыз: «Мен кемел мінездерді толықтыру үшін жіберілдім»дейді.

«Мен қарғыс айтушы боп жіберілмедім. Мен жақсылыққа шақырушы және мейірімділік етіп жіберілгенмін. Ия, Аллам! Менің елімді тура жолға сал, расында олар не істеп жатқанын өздері білмейді», – деп өзіне қару кезеніп, мүбәрак тәнін жаралаған жандарға да қайырлы дұға жасаған РасулАлла еді.

Мейірімсіздерге мейірімділік танытып, «елім, жерім, үмметім» деп өмірден озып, Ұлы Досына кеткен сүйікті пайғамбарымыз жайлы тебірене айтқан бас имамның уағызында көпшіліктің көңілі толқыды. Мешіт ішін сырлы сағыныш кернеді.  Осындай сағыныш иесін бүгінгі жұмада жамағат жүрек үнімен еске алып, Мәуліт жырын оқыды. Өзіне жамандық жасағанға да ешбір зиян етпеген, қарсы дұға қылмаған Мұхаммедтің үмметі де ізгіліктің ізінен жаңылмайды. Әлемнің тыныштығын, Алланың ақ дидарын аңсайды. Мәуліт кеші Алладан барша әлем мұсылмандарына амандық, ауызбіршілік сұрап, ел мен жердің тыныштығын тілеп, дұға етумен аяқталды. Біз сені сағындық, РасулАлла! 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру