Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бағыт ішінде қайырымдылық іс-шаралары, әлеуметтік тұрмыс ахуалы отбасыларға қарайласу басты назарда екені белгілі. Ал ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы осы бағытта қаламыздағы балалар үйі мен қарттар үйіне жиі ат басын бұрып, олармен тығыз байланыс орнатып келеді. Естеріңізде болса өткен Рамазан айында осы «SOS» балалар үйі кешенінде Бас имам балалармен ауызашар дастарханын өткізген еді. Бұған қоса жыл бойына ұдайы өткізілетін түрлі қайырымдылық шараларында балалар бас имамның назарынан тыс қалған емес.
Ал бүгінгі кездесудің жөні бөлек. Бұл жолы балалар Бас имамды іздеп келді. Бейкүнә кейіп, сәби көңілмен Алланың үйіне қадам басқан оларға жетекшілік етіп келген тәрбиеші дін қызметкерлеріне арнайы алғыс айтқалы жеткендіктерін айтты. Бас имам Наурызбай қажы кезекті кездесуде балалардың бұл қадамдарына риясыз қуанышты екенін айтып, жеткіншектермен жүздесіп, әңгімелесті. «Балалар біздің болашағымыз. Біз кешегі жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған текті елді заңды жалғасымыз. Қазақ халқы қашанда ұрпағын ұлттың келешегі деп білген. Ес білгеннен есті сөзге үйретіп, тәрбие берген. Жақынына қарайласу қазақтың қанында бар қасиет. Осы адамдық қалыбымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз» деді бас имам.
Қасиетті Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 220-аятында айтылғандай жетімге жақсылық жасаудың сауабы сансыз. Сондай-ақ Алла тағала жетімге жамандық қылушы мен жақсылық жасаушыны айыратындығын айтады осы аятта. Ал екі дүние сардары Мұхаммед (с.а.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім кешегі үшін көмек қолын созған кісі Алла жолында жихад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты» дейді.
Осы сынды мән-мазмұны терең тарих тағылымынан ой қозғаған Наурызбай қажы сөзін ардақты пайғамбарымыздың «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз» деген өнегелі өсиетімен сабақтады. Жетімін жылатпай, жақындарына жақсылық қылу мұсылманның мұраты болуы тиіс деді бас имам.
Балалар үйінің тәрбиешісі Гүлжан Қабышова бүгінгі басқосуда «SOS» балалар үйі атынан арнайы алғысын айтып, балаларға қамқорлық танытып, көзден таса қалдырмай қарайласып, тығыз қарым-қатынас орнатқаны үшін «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлын, наиб имам Асхат Сәлімовты және барша дін қызметкерлеріне ізгі тілек-ниетін білдіріп, директордың арнайы алғыс хатын табыстады. Ал бас имам балаларға дайындаған базарлық, сый-сияпаттарын сыйлап, бүлдіршіндердің сөздеріне құлақ асты. Алексей атты 2-ші сынып оқушысы мешіт төріндегі қисуа жайлы қызыға сұраса, Бағдат атты балақай бас имамды көргеніне қуанышты екенін айтты.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.01.2015
4120
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру