«Иманғали» орталық мешітінде Атырау облысына қарасты қала және аудан имамдары алдағы жылға арналған жоспарларды пысықтау мақсатында басқосты.
Жиында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имам Батыржан Берденұлы өткен жылы елордамыз Астанада өкіл имамдардың қатысуымен өткен төралқа жиынына тоқталып: «ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Атырау облысының жұмысын жақсы бағалап «Алғыс хатпен» марапаттады. Әрине, бұған барлық имамдардың қосқан үлесі бар екенін айтқым келеді. Өз тарапымнан сіздерге де ризашылығымды білдіре отырып, алдағы уақытта осындай жоғары жауапкершілікпен, асқан ұйымшылдықпен жұмыс жасауымыз керек. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсіместен, халықтың діни сауатын арттырып, ынтымағын күшейту жолында игілікті іс-шаралар жасағанымыз жөн», - деді.
Мұнан кейін өкіл имам күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» жылы биыл да өз жалғасын табатынын айтты.
Жиын барысында үгіт-насихат жұмысы, жат ағыммен жұмыс, қайырымдылық шаралары, сауат ашу, жастар мен жұмыс, БАҚ-пен байланыс, мүлікті заңдастыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уәссәләмнің туылған «Мәуліт» мерекесін облыс көлемінде жоғары деңгейде атап өту және мүмкіншілігінше қайырымдылық шараларды көбірек жасау керектігі айтылды.
Қасиетті айды халықтық деңгейде қадірлеп өткізу үшін өкіл имам Б.Берденұлы барша имамдарды жұдырықтай жұмыла ат салысуға, мешітке келген адамдарға жылы қабақ танытып, көркем әдеппен қарсы алып, жақсы мәміледе болуға шақырды. Мұнымен қатар, асыл діннің абыройын арттырып, жастарды жат ағымнан сақтандыру мақсатта жергілікті билік өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болу және тағы басқа бірқатар маңызды жұмыстар тапсырды.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.01.2015
3117
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру