Кеше кешкілік шам намазынан соң «Нұр Астана» орталық мешітінде өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы елордалық жамағатпен жүздесті. Бүгінде еліміздегі «Дін мен дәстүр» жылында жүргізілген жемісті жұмыстар бұқара мен дін қызметкерлерінің ауызбіршілігі мен қарым-қатынасының артқандығын көрсетеді. Осының бір мысалы ретінде бас имам Наурызбай қажының жұртшылықпен жиі жүздесіп, келелі кездесулер өткізуін айтуымызға болады. Тұрақты үрдіске айналған бұл шара шын мәнінде дін қызметкерлерінің халықпен етене жақын араласып, ағайын арасының тату-тәтті тірлік кешіп отырғанының жарқын үлгісі болса, осы игі істің баршасы елдегі бірлік пен берекенің үндестігін де көрсетеді. Осындай нығметті қазақ халқына нәсіп еткен Алла тағалаға сансыз мақтау, шексіз шүкірлік айту мұсылманның міндеті болса керек.
Наурызбай қажының Елорда жұртшылығымен болған кезекті кездесуі Ислам дініндегі негізгі мәселенің бірі – ақида тақырыбына арналды. «Тарихтан мәлім, барша пайғамбарлар Алланың хақ дінін жеткізуші, бұйрықты орындаушы иманы кәміл жандар болған. Олардың бәрі де осы дұрыс сенімді жеткізу жолында өмір сүрді. Мұсылманның білуі қажетті міндеттің де бастысы осы – ақида туралы дұрыс білім алуы. Себебі, осының салдарынан кейбір жастарымыз пиғылы күмәнді топтардың айтағына ілесіп, өзінің түп-тамырына, негізіне қарсы келіп қалып та жататын кездері жоқ емес. Ағайынның ауызбіршілігін, елдің бірлігін сақтаймыз десек ақидамызды анықтап алғанымыз дұрыс болар. Ақидаңыз адастырмасын десеңіз ежелден осы дінді жеткізген ата-баба мұраларына көз салыңыз, өз еліңіздің ғалымдарына құлақ түріңіз. Біз – ақидасы анық, дін қазығы тереңнен қағылған тарихы сан ғасырдан асатын елміз» деген Наурызбай қажы жұртшылыққа саналы ой тастады.
Салиқалы кеш соңында жамағат көкейде жүрген дүнияуи һәм шариғи сауалдарын қойып жатты. Ал, бас имам қашанғы қалыптасқан қалыбымен баршасының сұрақтарын аяқсыз қалдырмай, шариғаттың шалқарымен жауап берді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.01.2015
3259
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру