Ислам – ілім алуға бағыттайтын, сол ілім арқылы ақиқатты тануға жетелейтін соңғы хақ дін. Әлемдердің Раббысы қасиетті Құран Кәрімде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен», - деп күллі адамзатқа қияметке дейін үкімі өшпес ұлы насихат жіберді. Қос дүниенің сәруары, ардақты Елші (с.ғ.с.) да Өзінің бір хадисінде: «Ілім алу барша ер мен әйел мұсылманға парыз», - деді. Сонымен қатар, «Пайғамбарлар өздерінің соңынан динар немесе дирхам емес, ілім қалдырады», - деу арқылы ғибратты ақиқатты паш етті. Міне, бүгінде осы ақиқат нұрынан нәр іздеген қаншама қаракөз жастарымыз бен ата-апаларымыз жердегі Алла үйі мешіттерде дәріс алып, діни сауаттарын арттыруда. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша 5903 шәкірт мешіттерімізде діни сауаттанған. Ой жүгірткен жанға бұл үлкен қуантарлық көрсеткіш. Жаңа 2015 жылдың келуімен Алматы мешіттері оқу-ағарту, сауат ашу жұмыстары бойынша жаңа қарқынмен кірісуде. Оның бір дәлелі Алматы орталық мешітінде барша ұстаздар бас қосып, өткен жылдың кемшін тұстары тілге тиек етіліп, жаңа жылға жоспар құрылды. Бас қосуға Алматы қаласының өкілі Нұрбек Есмағанбет қатысып, ұстаздарға үстіміздегі жылы талаптар күшейтілетінін жеткізді.
Қала бойынша оқу-ағарту саласына жауапты ұстаз Талғат Сапанов сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Басқосу шешімі бойынша 2015 жылы Алматы қалалық мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарының шәкірттерге сабақ беру кестесі және ұстаздардың сабақ беру бағдарламасы бекітілді. ҚМДБ-на қарасты 9 медресеге шәкірттерді жіберу үшін әрбір мешіт 2 шәкірт ұсыну қажеттілігі туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университетіне 2015-2016 жылы түсетін шәкірттерді әзірлеу қолға алынды. Және ҚМДБ-ның діни оқу орындарын белгілі деңгейде әзірлігі бар түлектермен қамтамасыз ету үшін Алматы орталық мешіті Бас имамының ұсынысымен арнайы ғимаратта білікті мамандарды тағайындап, шәкірттерге Құран оқуды, араб тілі грамматикасын тереңдетіп үйретуді қолға алу кезектегі маңызы зор іс екені қадап айтылды. Бұл іс өз кезегінде шәкірттердің діни білімінің сапасының жақсаруына жағдай жасайтыны ақиқат. Тағы да, ҚМДБ-ның оқу ағарту бөлімінің 3 деңгеймен оқыту жүйесі бойынша жұмыс істеуді де тапсырды.
Алматы қаласы мешіттері жанындағы діни сауат ашу курстарына оқу-ағартуға қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету үшін оларға муаллим сәни – 4580 дана, ақида – 1000 дана, намаз дәлелдері кітабы – 526 дана, зекет кітабы – 202 дана кітап үлестірілді. Оның жалпы құны 1 705 200 теңгені құрады.
Адамзаттың асыл тәжі, хазреті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өзінің хадис шарифінде ілім жолына түскен үмбеттің Алла тағала жәннатқа барар жолын жеңіл ететіндігін ескертіп, сүйіншілеген болатын. Алла Тағала ұстаздарымызға қуат дарытып, нұрлы ақиқат ілімді үйретуде жәрдемші болсын. Елімізден Ислам қайнарынан қанып ішкен, халқымызды адалдық пен туралыққа бастайтын ықыласты ғалымдардың тәрбиеленіп шығуын тағдыр етсін!
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.01.2015
3438
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру