Алланың үйі болған мешіттерге адамдар әртүрлі сұраныспен келеді. Көпшілігі өздерінің рухани сұранысын қанағаттандырып, Жаратушы иемізге құлшылық – ғибадаттарын жасап, бес уақыт намаздарын өтеп, дұға-тілектерін айту үшін келеді. Әлбетте, адам болған соң оның мұқтаж болған дүниелері де көп. Бүгінгі таңдағы мұқтаждықтың бірі- тұрмыстық, әлеуметтік жетіспеушілік екені бәрімізге белгілі. Осыған орай мұқтаж болған адамдарға жан-жақты қолдау, демеу көрсету мақсатында Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде Бас имам Н.Исеновтың бастамасымен «Барыңмен бөліс!» атты қайырымдылық шаралар қызметі өз ісін бастады. Бұл қызметті «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Омаров Әбдімүтәліптің басқаруымен мешіт қызметшілері Ульям Мақұлұлы, Назым Ғизатқызы, Амантай Тойшыбайұлы және Тілеуқабыл Зәкериялар ұйымдастырып жүргізетін болады.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітіндегі «Барыңмен бөліс!» -қайырымдылық қызметі адамдар қолындағы басы артық тұрған тіршілікке қажетті дүниелердің барлығын тізім бойынша, арнайы дайындалған бөлмеге қабылдап, жинап бұрыннан тіркеуде тіркеуде тұрған және алда сұраныспен келетін адамдардың (панасыз, кедей, көп балалы, жалғыз басты, мүгедек, жетім-жесір т.с.с) отбасылық тіршілігімен тікелей танысып шешім шығару арқылы 10 күн сайын үлестіріп отырады. Бұл игі де сауапты шараға үлес қосамын деген адамдар өздерінде артық болған тұрмысқа қатысты тұтынуға жарамды барлық заттар (диван, кресло, орындық, үстелдер, телевизор, тоңазытқыш, кір жуатын машина т.с.с); ер-әйел адамдар, балалардың барлық маусымдарға арналған, киюге жарайтын киім-кешектері (іш киімдерден басқа, әрі жуылған, таза, өтектелген); азық-түлік тауарлары (ұн, шай, күріш, сұйық май, макарон өнімдері т.с.с) және ақшалай да жәрдем беріп қатыса алады. Адамдардан жиналған қайырымдылық зат-бұйымдар, киім-кешектер, қаржылар жомарт жанның аты-жөнімен арнайы дәптерге тіркеліп, есепке алынып, тиісті мақсатта жұмсалуы тұрақты бақылауда болады. Арнайы уақыттарда Атымтай жомарттар Бас имамның «Алғыс хатымен» марапатталып тұрады.
«Мешітімізде басталып жатқан бұл қайырымдылық қызмет туралы бас имам Н.Исеновтың жұма уағызында айтқан уағыз-насихатынан кейін 3 күннің ішінде Бақтыбаев Нығмет, Орманов Талғат, Жүкенова Гүлнар, Шаймұратов Арман, Қалтаев Қайрат, Саранжипов Хамидин, Әділов Ермұқан, Темірғалиев Жарылғап, Шукитов Марат қатарлы қаламыздың қайырымды адамдары мен мешіт жамағаттары ақшалай өз үлестерін қосса Шунғыловтар жанұясы өздерінде артық тұрған біршама киім-кешектер әкеліп тапсырды. Жақсылықтың бастамашысы болған бұл адамдарға Алланың нұры жаусын!-деп үлкен алғысымызды білдіреміз»,-дейді мешіт кітапханашысы Назым Ғизатқызы.
Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі - қайырымдылық. Құран Кәрімде: «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» («Тағабұн» сүресі, 16-18-аяттар),- дейді. Алла Тағала берген мал-мүлікті жақсылыққа, қайырымдылыққа жұмсаған адам мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқат байлық - мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық - кеңпейілділік, қайырымдылық», «Қайырымдылық - жақсы қасиет» (хадисті Әбу Һүрайрадан (р.а.) имам Мүслім),- деген.
Ақиқатында әрбір адамның парызы иманды болу, әрбір иманды мұсылманның міндеті басқаларға жәрдем жасау. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,- деген сөзді барша мұсылмандарға айтқымыз келеді.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.01.2015
3427
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру