Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мүбарак айда мұқтаждарға көмек көрсетілді (ФОТО)

13.01.2015 2907 0 пікір

«Иманғали» орталық мешітінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жүктеген төрт бағыттың бірі – қайырымдылық шарасы өтті.

Бұл ауқымды шара Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған айы Мәуліт мерекесінің мән-маңызын халыққа түсіндіріп, ол кісінің өмірінде болған оқиғаларды еске түсіріп, Алланың ардақты Елшісі (с.ғ.с.) қандай тұлға болғанын насихаттау мақсатында өткізілді.

Алдымен ҚМДБ-ның Атырау обылысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлы бүкіл әлемге рақым пайғамбары етіп жіберілген Алла Елшісінің өмір тарихын баяндап, оны жақсы көруіміз керектігін айта келіп, қайырымды шараға жиналған қауымға: «Қадірлі ағайын, тал бойы тәрбиеге толы, өмір жолында үмбетіне өнегелі із қалдырған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туылған мәуліт мерекесі баршаңызға құтты болсын! Алла Тағала елімізге амандық, әрбір отбасыға бақ-береке нәсіп етіп, ұрпағымыздың иманды да тәрбиелі болып өсуін нәсіп етсін. Мәуліт айындағы игі істеріміз мол сауаптарға ұласқай!»,  – деп өз тілегін жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында жанашыр ақсақалдар да мешітте жасалып жатқан игі шараларға тоқталып, қайырымды істердің үздіксіз жалғасып жатқанын атады.

Бұдан кейін мешіт тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, мүмкіншілігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналарға, қамқоршысыз қалған балаларға, зағип жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 220 отбасыға қайырымдылық үлестіріліп, әрбір жанұяға 5 келі ұн, 5 келі күріш, 5 келі макарон өнімдері, 5 келі қант, яғни 20 келіден азық-түлік және киім-кешектер табысталды. Мұндай ауқымды жәрдемге тәнті болған мұқтаж жандар өз кезегінде мешіт ұжымына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Мәуліт айында сауапты амалдарды көп жасап, халықтың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін осылай арттырар болсақ, шексіз сауапқа бөленеріміз де ақиқат.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру