Қазір «Нұр-Мүбарак» университетінің болашақ ғалымдары, яғни докторант, магистранттары шет елдердегі іргелі оқу орындарына аттанып, сол жақтағы ғылыми жұмыстармен танысу үстінде. Бұл олардың болашақ ғылыми жұмыстарын тереңдетіп, жан-жақты зерттеулері үшін өте маңызды болмақ. Исламтану, дінтану, араб тілі және әдебиеті бойынша магистрлік бағдарламада оқып жатқан 18 тәлімгер қазір Мысырдағы әйгілі «Әл-Азһар» университетіндегі ғылыми жобалармен танысуда.
Магистранттарға әсіресе «әл-Азһардың» Бас имамы Мұхаммед Ахмед әл-Тоибпен кездесу ерекше әсер етті. Қазақстандық ғылым ізденушілерді бастап барған «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры, доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюни үшін де магистранттардың «әл-Азһар» ғұламасымен жүздесуі маңызды деп саналған. Себебі, «Әл-АзҺар» Бас имамы Ахмед әл-Тоиб Мысырдағы ең құрметті де лауазымды тұлға саналады. Ахмед әл-Тоиб өз кезегінде әрбір ғылым талапкерін жеке-жеке сөзге тартып, пікірлесті. Өйткені, бұл кездесу қазақ жеріндегі ислам ғылымының дамуына барынша ден қойып отырған мысырлық ғалымдардың бағыт-бағдарына септігін тигізері анық.
Сондай-ақ, магистранттар «Әл-Азһар» ректоры Абдулхей Азаб мырзамен кездесіп, ілім-білім алудағы мәселелерді жан-жақты сөз етті. Салиқалы кездесудің белгісі ретінде «Нұр-Мүбарак» ректоры Жуда Абдулғани Басюни мырза «Әл-Азһар» ректорына қазақы дәстүрмен шауып, домбыра тарту етті.
«Нұр-Мүбарак» университетінің ректорлығына тағайындалмай тұрып, доктор, профессор Ж.А.Басюнидің Әл-Азһардың Танта қаласында орналасқан "Шариғат және заң" факультетінің деканы болғаны белгілі. Магистранттар ректордың ұзақ жылдар еңбек еткен осы білім ортасымен танысуға да мүмкіндік алды. Әсіресе, Тантадағы университет кітапханасындағы есепсіз кітаптар мен ғылыми мағлұматтарға сүңгіп кеткен қазақстандық білім ізденушілер ислам әлемі телегей теңіз ғылым екендігіне көз жеткізе түскендей. Осы Әл-Азһар университетінің мың жылдық тарихының өзі сол ислам ғылымының өлшеусіз тереңдігінің куәсі іспеттес. Енді әрбір сәтін маңызды жүздесулер мен салиқалы сұхбаттар, мұрасы мол кітапханалардағы ізденістермен өткізген қазақстандық магистранттар елге үлкен рухани күшпен келеді деген сенімдеміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.01.2015
3660
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру