Астанамыздың айшықты құлшылық үйі «Нұр Астана» орталық мешітінде әйел жамағаты Елорданың бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу өткізді. Ақ дастархан басында ақжарылқап тілектермен бастау алған жүздесу шымылдығы алдымен қасиетті Құран аяттарын оқумен, бас имамның дұға етуімен ашылды. Отырыста әйелдер қауымын Тәуелсіздік күнімен құттықтаған өкіл имам бүгінгі бейбіт күннің бағасы, қадір-қасиеті жайында айтып өтті.
«Кешегі толарсақтан саз кешіп, ер жастанып өткен батыр бабаларымыз арман еткен бейбіт те тыныш тіршілікті ұрпағы – біздер көріп отырмыз. Тәуелсіздігімізді ту етіп, болашаққа бағыт алған еліміз үшін әр адам «мен қандай үлес қосамын» деген ойда болуы керек. Тек ойлап қана емес, осы мақсатта жеңісті, еңбекте жемісті болуды бағдар етуіміз қажет. Бұл ретте біз болашақ – жастардың қолында дейміз. Тереңірек ой жүгіртсек, сол жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретін – ана деген ардақты адамдар» деп Наурызбай қажы әйел баласының қоғамдағы, өмірдегі орнына тоқтала кетті.
«Бәріміз де кешегі текті атаның ізгі жалғасымыз, олардан қалған дәстүр мен дін, мына атамекен, тілі мен ділі – бізге аманат. Ата мұрасына алып-қосар үлесіміз жоқ. Біздің үлесіміз саф алтындай ата дініміз бен дәстүрімізді ендігі ұрпаққа дұрыс жеткізу. Халық тәмсілінде «Алып – анадан туады» деген қанатты сөз бар. Жастарымыздың жалынды, білімді, ұшқыр да ұлағатты ұрпақ болуы ата-ананың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. «Әйел бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, болашаққа алыстан көз тастаған да кешегі текті аталарымыз» деді өкіл имам.
Болашақтың баянды, тұрмысымыздың тұрақты болуы шаңырақтың ұйытқысы бола білген анаға, әйел баласына байланысты. Әр ата-ана, әр әйел өз ұрпағын отансүйгіштікке, бауырмашылдыққа, білімпаз болуға тәрбиелесе болашақ буынның бойында ізгілерге тән қасиеттер қалыптасары хақ. Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) ілім игеруді барша мұсылман үмметіне міндеттеуінің де мәні осында.
«Ата-ана өз шаңырағының алдындағы міндеттерін ұмытпауы керек. Алла елшісі (с.а.с.): «Әркім өз отбасының бақташысы және әркім өз отары үшін жауапты» дейді. Ұл-қыздарымызды тамақтандыруға, киіндіруге, үлгілі тәрбие беруге, оқытуға әрбіріміз міндетті болып табыламыз. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ерлер мен әйелдерге парыз» деген өнегелі өсиетін әрбіріміз отбасы мүшелерінің алдындағы жүктелген міндет деп ұғынуымыз керек. Бала тәрбиесінде ананың білімділігі мен тәрбиелігі үлкен рөл атқарады. Ер азаматтың кәсібі мен жұмысы әрдайым сыртта болғандықтан, түздің адамы саналып келген халық пайымында. Ал, балалардың көп уақыты анасының жанында өтетіні белгілі. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы мұраттарыңызды ұмытпағайсыздар» деді Наурызбай қажы.
Исламдағы әйелдің орны турасында жалғасқан бас имамның мазмұнды әңгімелерінен соң әйел жамағаты шариғат шеңберіндегі көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сондай-ақ, асыл дін турасында қосымша сабақтар кешкі уақыттарда да өткізілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде өкіл имам Елорда мешіттері жанынан ашылған арнайы Сауат ашу курстарында бүгінде апта бойына жүйелі дәрістер жүргізіліп келе жатқанын айтты. Ал кешкі курстар ашу, сабақ кестесін кешкілік уақытқа да қою жайы алдағы уақытта қарастырылады деп бас имам ойын қорытты. Кеш соңында ақжаулықты аналар, әйелдер қауымы бас имамға осындай мән-мазмұнды, ғибратты кездесулер өткізуге ұйытқы болғаны үшін алғыс айтып, аманаты ауыр асыл дін қызметінде жүрген имамдарға Алладан жеңілдік, рахымет тіледі.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.12.2014
3667
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру