Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарияланған биылғы «Дін мен дәстүр» жылы шеңберінде бірқатар маңызды бастамалар, игі істер қолға алынды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасымен елдегі дін қызметкерлеріне төрт маңызды міндеттер жүктелді. Осы бағыттардың ішінде, халықтың діни сауаттылығы – бүгінгі күннің басты мәселесі. Себебі, діни сауатты жастың жаза баспасы, дұрыс таным-түйсікті болары анық. Қазіргі уақытта жат ағымның жетегінде кетіп, жаңылыс басқан жастарымыз басты қателегі де осы – діни сауатының дәрменсіздігі, мешіт маңынан емес, интернет бетінен, аты бар, заты жоқ «ұстаздардан» «ілім» алуы.
«Нұр Астана» мешітінің жанынан ашылған Сауат ашу курсының бүгінгі өткізген білім сайысы жас жеткіншектердің діни танымын, білім деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Пікірталас түрінде өткізілген сайыста 2 маңызды тақырып төңірегінде «Парасат», «Жас өрен», «Бәйтерек» және «Жалын» атты төрт топ салмақты сөз қозғап, өз ойларын ортаға салды. Ал жалынды жастардың білім бәсекесінде төрелік жүргізген қазылар алқасы құрамында ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Жандос Айтбайұлы, «Астана» медресесінің ұстазы Бердібек Оянған және «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет болды.
Дебатта қозғалған мәселелер:
1-ші, ерлі-зайыптылардың ажырасуының себебі: руханияттың әлсіздігі ме, әлде материалдық жағдайдың төмендігі ме?
2-ші, бала тәрбиесінің қалыптасуына негізгі әсер етуші фактор: ата-ана ма, әлде қоршаған орта ма?
«Отан – отбасыдан басталады» деген халық тәліміне сүйенсек, әрбір шаңырақтың шаттығы тасып, берекесі бүтін, түтіні түзі ұшуы – мемлекеттің мызғымас беріктігін байқататын фактор. Ал, бала тәрбиесі қай қоғам үшін де маңызды мәселе. Бұл орайда «ұяда көргенін ұшқанда ілетін» ұрпақ өскен ортасына да бейім болатыны тәжірибеде дәлелденген дүние.
Осы турасында тұщымды пікірлері мен өз пайым-түсініктерін білдіріп, «Қазіргі таңдағы отбасы беріктігінің негізгі түйіні – рухани иммунитетіне байланысты, яғни ішкі жан дүниенің тазалығында, Аллаға жақын жан жаманшылықтың алдын алып, жақсылыққа ұмтылуға құштар болады. Ондай отбасы ажыраспаудың бар амалын жасайды» деп ойын түйген «Жалынның» жастары қазылар алқасының шешімінен басымдыққа ие болды. Ал бала тәрбиесінде өскен өңір, ойнаған орта мен қоғамның рөлі ерекше деген «Парасаттың» пайымы биіктен көрінді.
«Бүгін, міне, кезекті білім бәйгесінің куәгерлері болып отырмыз. Бас имамымыз Наурызбай қажы Тағанұлы Елорда елдің жүрегі, орталығы болғандықтан, мұндағы мәселелер де маңызды әрі үлкен жауапкершілік жүктейтінін әрдайым айтып келеді. Ал жастар – жарқын болашағымыздың тұтқасын ұстайтын ұрпақ болғандықтан олардың діни сауаттылығы, жақсы тәлім-тәрбие алып білімді болып жетілуі өте маңызды. Білесіздер, қасиетті Құран – тек білім-ғылымға үндейді. Сол себепті де, шариғатымыз әрбір мұсылман баласын ілім алуға, білімге жүгінуге шақырады. Сіздердің алған білімдеріңіз өздеріңіз үшін ғана емес, еліміз, жеріміз үшін пайдалы болуы керек. Алла баршаларыңызға пайдалы ілім меңгеруді нәсіп етсін» деп жүрекжарды тілегін білдірген Орталық мешіттің өкілі Жандос Айтбайұлы екі топқа да сый-сияпат жасап, қасиетті Құран кітабын тарту етті.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.12.2014
3664
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру