Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер-мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік, қош келдің!
Міне бұл Тәуелсіздік мерекесін ерекше құрметпен қарсы алған «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті студенттерінің жүрекжарды тілегі. 23 жыл бұрын ғасырлар бойы армандаған азат күннің көк байрағы желбіреген сағынышқа толы баталы күн. Өйткені, дәл осы күні тек қазақ жері ғана емес, бүкіл әлемдегі қаны қазақ, иісі мұсылман қуанып, ежелден иман нұры салтанат құрған кең байтақ даланың азаны шақырылып, әнұраны айтылып, мұсылман қазақ баласы еңсесін көтеретін болды, деп қуаныштан көзге жас тұнған күн.
23 жасқа келген Қазақстан бүгінде алпауыттар арасында дербестігін сақтап, болашаққа зор үмітпен бет алған ертеңіне сенетін бозбаладай. Бұл сөздің хақтығын Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің Тәуелсіздік күніне орай өткізген мерекелік шарасынан бағамдауға болады. Бүгінде қандай да бір қоғамдық шара, мерекелік жиындарға жұртшылықты жинаудың да белгілі жүйесі қалыптасқан жайы бар. Ал, азаттықтың арманшыл да албырт жастары жиналған «Нұр-Мүбарак» университетінің имандылықты ту еткен студенттері «Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый!» деп бағалай отырып мерекелік шараға белсенділікпен бас қосты. Қазақ елінің мұндай қуанышына алғаш рет куә болып, құттықтау жолдаған университет ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни мырза өзі басқарып отырған оқу орнының жастарына зор үміт артатынын, ең бастысы білім мен білікті қару еткен иманды жастар елдің болашағын көркейтетінін баса айтып, күллі қазақ еліне құттықтауын жаудырды.
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшенді!? - деп жүргізушілердің мәнерлеп оқыған жыр жолдары, өнерпаздардың домбырадан төгілген күмбір күйі бүкіл көрермен толы залды тербетіп жіберді. Бәрінен де студенттердің жан-жақты ізденіп жасаған бейнероликтері өте әсерлі шығып, көрермендердің көңілін босатып, көздеріне жас үйірді.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның!
Айналайын, айналайын, жас қайратым, қыраным!
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жасып қалған шақтарымды жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы! - деген өлең жолдарын Қайрат Рысқұлбеков туралы студенттердің қойылымы жалғастырды. Бұл әрине, жүрегінде ұлттық намысы бар кез-келген адамның санасын сілкіп, рухын оята түскені анық.
Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер желбіретіп нық ұста,
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба рухына!
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты өнегесі еңбегі,
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі!
Осылайша көк байрақты желбіретіп, барлығы қуанышпен қарсы алған Тәуелсіздік мерекесі «Нұр-Мүбарак» университетінде сондай бір асқақ рухты, елжанды, иманды ұрпақ өсіп келе жатқанын сүйіншілегендей.
Барлығы да «Тәуелсіздік – Алланың бізге берген баға жетпес қазынасы. Ата-бабаларымыздың аманаты, аға-әпкелеріміздің ерлікті дастанына толы ерекше күн, Тәуелсіздік болмаса, біздің имандылықты ту етіп, мешіттеріміздің азан шақырып, осындай еңселі «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алуымыздың өзі арман болар еді», - деп, Алла тағаланың берген тәтті сыйына сансыз шүкірлер мен мақтаулар айтқан ерекше күн болды.
Айша Кеңесбай
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.12.2014
5662
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру