Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау өкілі докторлық диссертациясын қорғады

15.12.2014 3402 0 пікір

Адамның екі дүниеде бақытты болуын қалайтын асыл дініміз ислам ғылым-білімге үндейді. Тіпті, Құранның алғашқы түскен аяты да «Оқы!» деп бұйырады. Хәкім Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де - ақымақшылдық...», - дейді. Ал Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дініміз бен ділімізді жаңғырту жолында елдің айнасы болған имамдардың білікті, білімді болуын алға тартып келеді.

 Бүгінде ғылым мен руханиятты қатар алып жүрген ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлы желтоқсан айының 12-жұлдызында отандық білім-ғылымның қарашаңырағы атанған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы философия докторы (Ph.D) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі 6D020500 диссертациялық кеңес мәжілісінде «Қазақ мақал-мәтелдеріндегі діни-хадистік аспекті» деген тақырыпта дайындаған докторлық диссертациясын қорғап шықты. Пайғамбар хадистерінің қазақ тіл білімінде зерттеліп шығуы аса қуантарлық жайт.

Диссертациялық кеңес төрағасы филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Әбдиманұлы бастаған он екі профессор диссертанттың тақырыбын мұқият тыңдап, өз тараптарынан он беске жуық сұрақтарын қойып, өкіл имамның жан-жақты дайындығымен келген тұщымды жауабын жоғары бағалады. Тіпті ғылым алаңында халықаралық деңгейде профессорлығымен танылған Элонора Сулейменова имамдар дін саласымен қоса ғылымды да алып жүрер болса, келешегіміздің жарқын болары жайында пікірін білдіріп, өкіл имам Батыржан Мансұровтың диссертациясын қолдайтындығын жеткізді.

Айта кетерлігі, Батыржан Берденұлы аталған диссертацияны елімізде алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасында ғылыми деңгейде қорғады. Сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмысына қатысты 13 ғылыми мақаласы жарық көріп, оның 3-і ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда, 6-ы халықаралық конференция материалдарында, 3-і шетелдік (Мысыр, Египет, София) ғылыми конференцияда, 1-і Scopus базасына енетін журналда (Италия, Рим) жарияланған.

Ғылыми дессартацияда хадистер мен мақал-мәтелдердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары, хадистер мен мақал-мәтелдердегі түр-түс, сандар және жан-жануарлар символикасы жан-жақты зерттелген.

Имамдарымыздың мәртебесі ғылым биігінен осылай көрініп жатса, ел мұсылмандарының қарашаңырағы Діни басқарманың абыройының асқақтағанын көрсетеді. Сонымен қатар шариғаттың да ғылым саласына енуі, келешегіміздің жарқын болашағын көрсетсе керек. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан Берденұлының ғылымға қосқан үлесі мен жеткен жетістігін мақтан ете отырып, еңбегіне жеміс, қызметіне табыс, ел игілігіне берер үлесі мол болсын деп тілейміз.  

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру