«Әзірет Сұлтан» мешітінде Елорда имамдарының жылдық қорытынды жиналысы өтті. Отырыста осы жылдың жемісті жетістіктері мен жіберілген кемшіліктері сарапқа салынып, келер жылда атқарылуы тиіс ауқымды істер жобасы пысықталып, талқыланды.
Биылғы ҚМДБ тарапынан бекітілген «Дін мен дәстүр» жылы аясында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ел имамдарына төрт бағыт бойынша жұмыс істеуді тапсырған еді. Атап айтсақ, үгіт-насихат жұмыстары мен қайырымдылық шаралары, теріс пиғылды ағымдармен жұмыс жасау және діни сауат ашу курстарын жандандыру жұмыстарын жүйелі жолға қою – республика дін қызметкерлерінің негізгі міндеттері. Белгіленген бағыттар аясында жыл бойына атқарылған іс-шаралар ауқымын қаламыздың сегіз мешітінің бас имамдары өкіл имамға баяндап, есеп берді. Бас имам баяндамаларында уағыз-насихат жұмыстарының нақты көрсеткіштері, қайырымдылық шаралары мен жұмсалған қаражат көлемі, сондай-ақ биылғы жылы діни һәм ұлттық, мемлекеттік мерекелерде мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілген шаралар жайы да көрініс тапты.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажылұлы дін қызметкерлерінің алдына жауапкершілігі мол қызметте белсенді болуға шақырып, мешітті білімнің әрі мәдениеттің ордасына айналдыру керектігін баса айтқан еді. Сөзіміздің айғағы – «Мешіт мінәжат орны ғана емес, мәдениет ордасы, рухани һәм дүниелік қажеттіліктеріміздің іске асар құтты мекені», «Бес шәкірті болмаған имам өзін имам санамасын» деген бас мүфти айтқан салмақты сөздер. Осы бағытта елордамызда түрлі мәдени-сауықтыру шаралары, ұлттық-спорт сайыстары жүйелі түрле өткізіліп келеді. Ал діни сауаттылық, діни білім беру саласында елорда мешіттерінде күнделікті шам намазында уағыз айтылып, апта бойына сауат ашу курстарында елорда жұртшылығы ата дінмен сусындап келеді. Бұл бағыттарда елорда мешіттері жемісті еңбек етіп отырғанын айта кетуіміз керек.
Бұған қоса, дін қызметкерлері Астана қаласындағы Жоғары оқу орындарында және әртүрлі мекемелерде жүргізілген уағыз-насихат жұмыстары жайында баяндады. Сондай-ақ, мешіттердегі жұма және кешкі уағыздар тақырыбы мен көрсеткіштері де есепке алынды. Ақпарат айдынында көрініс тапқан діни материалдар да бүгінгі басқосуда талқыланды.
Бас имам баяндамаларынан соң, ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы атқарылған шараларға оң бағасын беріп, алда жоспарланған мақсаттарға жұмыла кірісуге, кемшіліктерге жол бермеуге шақырды. Өкіл имам бас мүфти бекіткен бағыттар аясында белсенді қызмет еткен бірқатар дін қызметкерлерін «Алғыс хатымен» марапаттады. Мараптқа ие болған үздік имамдар қатарында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Қуат Ерғалиұлы, Руслан Қамбаров, Ербол Абдуахитұлы, «Нұр-Астана» мешітінің наиб имамдары Төлеби Оспан, Жандос Айтбайұлы, Асхат Сәлімов, Абдусамат Махат, «С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы Мәмлүк Мұсаев пен «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрагим Сматаевтардың есімі ерекше аталып, еңбекте епті, қызметте қадірлі болуларына тілектестік білдірілді.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.12.2014
3350
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру