Өткен аптадағы қасиетті жұма күні Алматыда жаңа мешіт ашылды.3 мың адамға есептелген мешітте заманға сай жер асты көлік тұрағы бар. Мешіттің бас имамы болып Құлмұхамет Махамбет тағайындалды.
Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысынан бой көтерген зәулім мешіттің ашылу салтанатына халық көптеп жиналды. Ахметжан Есімов пен еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы алғысөзін сөйлеп, мұсылман қауымын құттықтады.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі
-Бұл 39-шы мешіт қаламыз бойынша. Бұл мешітті Президентіміздің ұсынысы бойынша халқымыздың аса көрнекті тұлғасы Бәйкен Әшімов ағамыздың есімі беріліп, Бәйкен мешіті деп аталып отыр. «Арманы биік асыл ер, ұрпақтың қамын ойлайды», - дейді халқымыз. Осындай ұлы тұлғаның есімін сақтаудың бұл тамаша үлгісі болмақ.
Сәулеті көз сүйсіндірер ғимараттың ерекшелігі – мұнда жерасты көлік тұрағы бар. Сондай-ақ бірмезетте 3 мың адам намазға жығыла алады. Заманауи үлгімен салынған мешіттің едені жылы, аспашамының өзі арнайы тапсырыспен жасалған. Оның салмағы 3 тоннадан асады. Мешіт кәсіпкерлердің қаржысына бой көтерді.
Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
-Бұл елдің имандылыққа көптеп бет бұрғаны және халықтың азаматтарының жағдайының жақсарғаны, әл-ауқаттың жақсарғаны және бұл бірлігіміздің, тірлігіміздің бір екенін көрсетеді.
Молдағали Матқан, мемлекет және қоғам қайраткері
-Осы жерде бұрын ойынхана болатын. Сол ойынхананың көзі жойылып, мынандай халықтық игілікке, мұсылмандыққа, имандылыққа, тәрбиелікке, ибалыққа бағытталатын орталықтың ашылуы мешіттің салынуы қандай керемет, ғажап нәрсе.
«Жыл соңына дейін, Алматы қаласында тағы екі мешіт ашылады», - дейді қаланың бас имамы Нұрбек Есмағамбет.
Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.12.2014
4256
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру