Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қасиетті Құран жарысының жеңімпаздары анықталды

08.12.2014 3832 0 пікір

«Нұр-Мүбарак»  Египет ислам мәдениеті университетінде Қасиетті Құранды жаттаушы студенттер арасында сайыс өтіп, 37 талапкер өзара бақ сынасты. 21 студент бір парадан, 7 студент бес парадан, 4  қари он парадан, ал 5 хафиз Құранның толық нұсқасын жатқа айтудан жарысқа түсіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары анықталды.

Университет басшылығы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы нұсқауларына сәйкес «Дін және тәрбие» бөлімінің ұйытқы болуымен өткізіліп отырған бәйгеде қарилардың қарымын таразылау үшін  6 адам қазылық етті. Құрамында мысырлық бес ғылым докторы әрі Құран хафиздері және  «Нұр-Мүбарак» мешітінің бас имамы, қари Құрмет Смағұлов болған қазылар алқасын қари-хафиз, доктор Саид Абдулмажид басқарды. Университетте арнайы Құран дәрісі болатындықтан жарысқа қатысушылар да әлдеқайда көп болуы ықтимал еді. Бірақ, бас имамның айтуынша студенттер көбіне топқа түсуден тосырқаған. «Мұндай Құран жарысы қариларымыз бен хафиздарымыздың арасындағы жүйріктерді анықтап қана қоймай, оларды шыңдай түсетінін айта кетейік. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранды кітап күйінде ғана емес адамдар арқылы, осындай қариларымыз арқылы  сақтап отырады. Сондықтан, бәйгені ұйымдастыру да  Алла жолындағы мәртебелі қызмет»,-деп түсінеміз дейді бас имам.  Университеттің оқу-әдістемелік орталығы саналатын мешіттің бас имамы Құрмет Смағұлов та осы «Нұр-Мүбарактың» түлегі және студенттік шағының екі жылында  Құранды толық жаттап шыққан.

Қазір университетте Алланың қасиетті Кітабын толық жаттаған 10-ға жуық студент бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай берекелі бәйгелер алдағы уақытта тұрақты өткізу жоспарланған. Ал бұл сайыста өздерінің білімін саралаған жарыс жеңімпаздары бүгінгі Қасиетті Жұмада намазға жиылған жамағат алдында марапатталды. Жалпы жүлде қоры 360 мың теңгені құрады.  

Сонымен Құранның толық 30 парасы бойынша

I орын – Шоқан Уалиев

II орын – Нуредин Кульер

III орын – Нұрболат Қазыбеков

Құранның 10 парасы бойынша

I орын –Құдірет Бекжанов,

II  орын – Самат Әшімжан

Құранның 5 парасы бойынша

I орын – Бахтияр Каримов

II орын – Нұрбол Құдабаев

Құранның 1 парасы бойынша

I орын – Асқарбек Омар

II орын – Ербол Ысқақов

III орын – Абдуғаппар Мақсұтов

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың Құранды оқып және оны өзгелерге үйреткендерің»,-деген. Сондықтан Құран қарилары мен хафиздеріне қолдау көрсетіп, олардан тағылым алу да еліміздің берекесін арттырар ізгі амалдан екені сөзсіз.   

 Айша Кеңесбай

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру