Шетелдік ғалымдарды шақырту еліміздегі жоғары оқу орындарындағы студенттерінің біліктілігі мен білімін арттыруда маңыздылығы жоғары бағдарламаға айналды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына сәйкес «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде мысырлық және түркиялық екі ғалым арнайы дәріс оқи бастады. «Әл-Азһар» университетінің профессоры, дін негіздері факультетінің деканы Бакр Заки Иброһим мен Түркиядағы «Докуз Ейлюл» университетінің профессоры Ханифи Өзжанды университет ұжымына ерекше ілтипатпен таныстырған ректор Жуда Абдулғани Басюни екі ғалымнан да үйренетініміздің көп екенін баса айтты. Себебі, доктор, профессор Бакр Заки Иброһимнің дәрістерінің маңыздылығын әдетте бес сағатқа дейін созылатын ғалымның сабағына мыңға жуық адам қатысып, тыңдайтынымен бағамдаудың өзі жеткілікті болар. Доктор Бакр Закидің «Нұр-Мүбәрак» университетіндегі арнайы дәрістеріне мүйізі қарағайдай мысырлық ғалымдардың өзі ыждаһаттылықпен қатысып, тыңдай бастағанына өзіміз де куә болдық.
Ал «Шариғаттың міндеті дінді түсіндіру», – деп сөз бастаған доктор, профессор Ханифи Өзжан өзінің ғылыми еңбектерін Матуриди саласына арнаған, дін философиясы бойынша көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалар, монографиялардың авторы. «Адам баласы жаратылғалы бері түскен бір дін, бүкіл пайғамбарлар сол бір ғана дінді түсіндіруге жіберіліп отырған, дін қағидалары ешқашан өзгерген емес, тек шариғат шарттары қоғамға сәйкес өзгеріп отырған», – деген ғалымның шәкірттерге үйретері аз емес. Адам баласына негізгі діни ұстанымды түсіндіру үшін Пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түскен уахимен қатар ақыл-ой маңыздылығын зерделеуші түркиялық ғалым мен ғұмырын дін негіздерін зерттеуге арнаған мысырлық ғұламаның дәрістері «Нұр-Мүбәракта» екі апта бойы жүреді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлықты арттыру бағдарламасы бойынша шет елден шақыртылатын ғалымдар тек өз ортасында ғана емес, халықаралық академиялық қауымтастықта еңбек тәжірибесімен танылған, ғылыми басылымдардағы мақалалары мен қызметтік қабілеті жоғары әрі әріптестерінің кепілдік қолдауына ие ғалымдар шақыртылады. Бұл өз кезегінде студенттердің білімін тереңдетіп, ізденісін арттырып, біліктілігін шыңдай түсері сөзсіз.
Заманымыздың осындай озық ойлы ғалымдарының елімізге келіп дәріс беруі көп түйткілдің жігін ажыратуға да негіз береді. Ислам дінін тек мешіт төңірегімен екшейтін немесе сенім деңгейін сыртқы көрініспен бағамдап, құлшылықтың құнын әсіреқызыл әрекеттерге алмастырушылардың қатары ислам ғылымның туы биіктеген сайын тыйылары сөзсіз. Ал «Нұр-Мүбәрак» университетінде биыл халықаралық ғылыми қауымдастықтарда беделге ие шет елдік ғалымдарды шақырту бағдарламасы бойынша жалпы төрт ғалым арнайы дәріс оқиды.
Нұр-Мүбәрак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.12.2014
3868
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру