Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін мен дәстүр дәріптелген басылым

03.12.2014 3669 0 пікір

Биылғы 2014 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы елдегі дін қызметкерлері мен дінтанушы-ғалымдар үшін «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялаған болатын. Тіпті, Бас мүфтидің бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шығып, елдің ықыласына да ие болды.

Жыл ішінде имамдардың атсалысуымен жер-жерлерде дін мен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар игі істер атқарылғаны баршамызға белгілі. Міне, Бас мүфти бастамасына қолдау білдірген ҚМДБ-ның Атырау өкілдігі де аталған жылға орай көптеген ұлттық нақыштағы дәстүрлі шараларды қолға алып, ел жадында қаларлықтай ілкімді істер жасады. Соның бір парасы «2014 - Дін мен дәстүр" жылын ел жадында сақталу мақсатында өңірдің Бас имамы Батыржан Берденұлы Мансұровтың ұйытқы болуымен 3000 данамен шығатын Халықаралық "Дала" журналының №12 саны Атыраулық дін қызметкерлерге арналды.

Аталған журналдың алғашқы беті ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам және жергілікті халық дәстүрі мен мәдениеті» деген мақаласымен басталады. Мұнан әрі ҚМДБ-ның Төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Сатыбалдыұлының «Дін мен дәстүр – ұлт тұтастығының кепілі» атты сұхбаты, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының «Қазақ мақал-мәтелдері мен пайғамбар хадистерінде жылқы симболикасы» атты ғылыми мақаласы, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлының «Діни ұлттық сезімдер» сұхбаты жалғасады. Сондай-ақ, аталған санда қала имамдарының «Тіліміз – дін мен дәстүр тірегі», «Қыз өссе – елдің қөркі», «Сүндеттеу – дәстүрлі салтымыз» «Сәлем - сөздің анасы», «Ақиқа құрбандығы немесе шілдехана» және өңірде қызмет жасаған теологтардың «Қазақ болу мен мұсылман болу, яғни дін мен дәстүр бір-біріне қарама-қайшы емес», «Ұлттық құндылықтың бәрі бидғат емес!», «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «Діннен дәстүрді бөлу – мүмкін емес» атты сұхбат-мақалалары жарияланды.

Белгілі қаламгер Ділдә Матайқызының «Келін туралы өсиет», жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Тағзым мен тағдыр» атты танымдық мақалаларымен қатар, аудан имамдарының дін мен дәстүрді ұштастырған еңбектері берілген.

Осылайша «Дін мен дәстүр» жылын дәріптеген Халықаралық «Дала» журналы Атырау қаласы мен аудан-ауылдарға кеңінен таралды. Аталмыш басылымның  «Дін мен дәстүр» жылына арналған саны ел жадында онан әрі сақталуына септігін тигізе бермек.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру