«Ей, мүміндер! Аллаға бойұсыныңдар. Пайғамбарға бағыныңдар және араларыңнан шыққан әмір иелеріне де...» (Құран, «Ниса» сүресі 59-аят)
1991 жылдың 1 желтоқсаны – ең алғаш таңдау жасап, жаңадан ту көтерген тәуелсіз мемлекеттің басшысын сайлауға қол жеткізген тарихи күн. Бұл ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған, армандаған күні еді. Сондықтан, жаңа Қазақстанның тарихы дәл осы күннен басталмақ. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. Сол Заңға сәйкес жаңа мемлекеттік мереке – ҚР Тұңғыш Президенті күні белгіленіп, ел болып атап өтіле бастады.
Тұңғыш Президент күніне орай «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті универстетінің 1 курс суденттері ашық сабақ ұйымдастырды. 2012 жылдан бастап ресми атала бастаған бұл мерекенің қаншалықты маңызы бар деген сауалға жауап іздеген «Алиф» қыздар тобы ашық сабаққа жан-жақты дайындалыпты. Бейнероликтер жасап, басшылыққа бағынудың маңызын түсіндіруге ұмтылған. Әсіресе, көпұлтты қазақ еліндегі әртүрлі ұлт өкілдерінің тілінде құттықтау жолдаған қыздарға ұстаздар дән риза болды. Тәуелсіздік жырын жырлаған қыздар тобына өзге көрермендер де қосыла үн қатып, осындай аңсаған күнге жеткізген Алла тағалаға сансыз мақтаулар айтты.
Ия, басшыға бағыну, Алланың әміріне бағыну, шариғат үкіміне мойынұсыну - бұл қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық кепілі. Әрине, басшылықтың басқару жүйесіне ел ішінде түрлі көзқарастар қалыптасуы заңдылық. Бірақ, ел тыныштығы мен болашағына дұрыс таңдау жасау басшылыққа жүктелген аманат. Ел түзелсін деген пікір ниеті түзу пенденің көкейінде болса да, әрбір азамат өзін түзей отырып, қоғамға оң ықпал етсе, ол елдің болашағы да кемел болары сөзсіз. Сондықтан, сіз бұған қандай үлес қосып жүрсіз деген сауалға жастар өз тараптарынан жауап беруге талпынды.
Шәкірттердің еңбегін жоғары бағалаған «Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Борантайқызы Бәйнеш қыздарға алғысын білдіре отырып: «Сендер, бақытты ұрпақсыңдар. Оқуға, жан-жақты білім алуға бүкіл жағдай жасалып жатыр. Университет басшылығының өзі сендердің білім алуларыңа бүкіл жағдайды жасап, тіпті жатар орындарыңа дейін қамдап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етуде. Соны бағалап, тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін бүгін білімдеріңіз бен біліктеріңізді шыңдасаңыздар, онда баршамыздың үмітіміздің ақталғаны!,-деді.
Ал, оқу-әдістемелік бөлімінің офис-регистраторы Мұратхан Махмет осы университеттің ашылуының өзіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей еңбегі зор екендігін айта келе, асыл дінімізге осыншалықты көңіл бөліп отырған Елбасына деген құрмет әр қазақстандықтың бойында болуы керектігін бас айтты.
Осы мерекелік шараның өткізілуіне қыздарға бас болып, жөн сілтеген куратор Сұлу Исбаева ұстаздың шәкірттеріне деген алғысы шексіз. Қым-қуыт дәрістеріне қарамастан, қосымша сабақтың жоғары деңгейде өтуіне ұйымшылдық танытуы жақсылықтың белгісі дейді ағынан жарылып.
Қыздар да тек университеттегі сабақтарымен ғана шектелмей, қоғамдағы өзгерістер мен шараларға өз үндерін қосып, патриоттық белсенділіктерін байқатты. Бұл шараны дәл қыздар тобының ұйымдастыруы да қуантарлық. Өйткені, ертеңгі иманды ұрпақтың анасы болар, ел басқарар тұлғалардың тәрбиешісі иманды да ибалы қыздар екені даусыз. Ғұламалардың «Әрбір ұлы тұлғаның артында ең алдымен әйел заты тұрады» дегенін ескерсек, ардақты ана, салиқалы жар, ұлағатты әжелері бар елдің ер азаматтары да еңселі болары сөзсіз.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.11.2014
4163
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру