Қазір бүкіл әлем жұртшылығын адами құндылықтар мәселесі алаңдата бастағаны анық. Ал бұл сұрақ әуелден қатарынан оза туған дана тұлғалардың өмірлік сауалына айналғаны тарихтан белгілі. Соның бір айғағы, қазақтың болмысын өз заманында ғана емес, болашақтан тани білген Абайдың даналығы бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтты сақтап қалуда қолданатын бірден бір қару екені даусыз. Сондықтан әуелі «Қазақ болу үшін Абайды тану керек!» деген ұранмен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері арасында «Абай тағлымы» атты топ аралық сайыс ұйымдастырылды.
Сайыстың шарты бойынша әр топ өзін өзі таныстырып, кез-келген шумаққа сәйкес Абай өлеңін толық, мәнерлеп оқып беру, қара сөздерінің мән-мағынасын ашып беру секілді сайыстарда бақ сынасты. Алты студенттен құралған 5 топ та сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» дегендей сайысқа тиянақты әзірленіп келіпті. Әсіресе, электронды тақтадағы санның астына жасырылған бір шумаққа қатысты өлеңді толықтай мәнерлеп оқу барысында студенттердің әдебиетке деген жақындығын анық аңғарылды. Ал сол өлеңдегі астырлап айтылған сөздердің мағынасына қатысты қазылар алқасының қойған сауалдарына жауап берген студенттердің ой тереңдігі де көрермендерді риза етті. Мәселен, «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа...» деген өлең жолдарын түсіндіріп беріңіз деген қазылар алқасының төрағасы Абай атындағы ҚазПУ Абайтану ғылыми зерттеу орталығының директоры Шойынбет Жабал мырзаның сұрағына студенттер дүниеқоңыздықтың «кесапаты» жайлы ұтымды жауап қайырды.
«Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» - дәл осы өлең жолы бүгінгі әдеби сайыстың негізгі өзегі болды. Өйткені студенттер Абай шығармашылығындағы тұнып тұрған шариғаттың мәнін, «Әуелі аят, хадис – сөздің басы» деген Абай данышпандығының тетігін табуға ұмтылды. Ал «Ислам дінін жақсы білу үшін араб тілін білу шарт па, әлде қазақ тілін білу керек пе?» деп ортаға сауал тастаған Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, теология ғылымының докторы Мұхитдин Паттев «Әуелі қазақ болу үшін Абайды тану керек, Абайды білген қазақ міндетті түрде ислам дінінің қадіріне жетіп, кемел мұсылман болуға ұмтылар еді»,-деді. Әлбетте студенттер бұл сөздің ақиқаттығын анық түсінгенді. Сондай-ақ, әрбір сайыс арасында Абай өміріне қатысты көрермендерге де сауалдар қойылып, жеңімпаздарға түрлі кітаптар сыйға тартылды.
«Бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсат, Абай хакімнің шығармашылығындағы шариғатқа қатысты мәселелерді тереңірек түсіне отырып Абай атамыздың даналығын насихаттау. Әрі студенттердің де шығармашылығын шыңдау»,- дейді университеттің тәрбие бөлімінің өкілдері. Ал осы тәрбие бөлімімен бірлесіп сайысты ұйымдастырған кітапхана меңгерушісі Қалбибі Бейісбек: «Бұл шара, Алла қаласа, жалғасын табады. Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, тағы да басқа халқымыздың аяулы перзенттерінің өмірі мен шығармашылығын осылайша жан-жақты, ислами тұрғыда тереңірек танысып, насихаттаймыз деген үміттеміз»,-деді. Ал белгілі абайтанушы ғалым Шойынбет Жабал мырза, студенттердің алғырлығына тәнті болғанын білдіріп, осындай мағыналы шара ұйымдастырған университет ұжымына алғысын жаудырды.
Сонымен, бірінші жүлделі орынды «Ақиқат жаршысы», екінші орынды «Ұлт жанашырлары», үшінші орынды «Жас қырандар» тобы жеңіп алды. Әрбір топқа марапаттаумен бірге кітап және ақшалай сыйлықтар берілді. Одан өзге «Көрермендер көзайымын» жеңіп алған қатысушылардың да қанжығасы бос қайтпады. «Қазақтың жаны мен мұңын ашып айтқан Абайдың үміт артқан жастары біз боламыз» дегендей студенттер бұл сайыста өзара мықтылықтарын сынға салып, білім мен біліктегі бәсекелестіктерін арттырып, жаңа бір серпіліс алды деуге болады. Сондай-ақ, домбыраның құлағында ойнайтын, термені тебіренте орындайтын өнерлі өрендерге қарап, Құран мен хадистен нәр алған иманды да ибалы сегіз қырлы, бір сырлы жастар өсіп келе жатқанына куә болған көпшіліктің де көңілі ризашылыққа толы болды.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
28.11.2014
3590
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру