Астана қалалық әкімдігі Дін істері басқармасы, Дін проблемаларын зерттеу орталығы және ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің бірлесуімен бастау алған екі күндік семинардың екінші бөлігінде танымал теолог, дінтанушылар Ерсін Әміре мен Арман Қуанышбаев ақида және фиқх, мазхаб мәселелері жайында дәріс жүргізді.
Дін істері басқармасы басшысы Жорабек Дәуренов семинардың ашылу барысында мәлімдегеніндей, бүгінде дін мәселесі ел бірлігі мен ұлттар татулығы тақырыбына тұздық болып отыр. Яғни, зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстардың сенім бостандығына селкеу түсірмей, дәстүрлі дінімізді көтеру, жұрт болып жұмыла жұмыс жасау баршамыздың міндетіміз. Ел іргесі ашылып, тәуелсіздік туы көтерілген уақытта дін атын жамылған жат ағымдар өз пиғылдарын іске асыруға тырысап бақты. Дүдәмәл топтардың құрығына ілігіп, жаңсақ басқан жастарымыз да болғаны жасырын емес. Сан ғасырлар ұстанған ата дініне, тамырын тарихтың терең қойнауынан тартатын Имам ағзам Әбу Ханифа мазхабына құрметсіздік байқатып, дәстүрді түбегейлі жоққа шығарып, қоғамға қолайсыз пікір қалыптастырып жүрген жат ағымдармен күрес те бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарынан.
Әлбетте, зайырлы қоғамда әркімнің-ақ сенім бостандығы сақталатыны рас. Алайда, батыр ата Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, «тәртіпке бас иген құл болмайды». Онсыз ел болуымыз – екіталай. Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде«Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» деп, бостандықтың бағасы мен ел болудың негізгі факторын атап айтты. Яғни, мемлекет бекіткен заң аясында дәстүрлі дініңді ұстанып, көсегесін көгертуіңе ешбір тосқауыл жоқ. Ал, сенімге селкеу түсіріп, күмәнді ойларға жетелейтін, бірлікке сызат түсіріп, қоғамға бүлік салатын жат ағыммен күрес жүргізу – не мемлекеттің, не дін қызметкерінің жеке шаруасы емес. Мемлекет дегеніміз – сіз бен біз. Яғни, баршамыздың бірігіп, жұмыла атқаратын шаруамыз. Қала әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған бұл семинар-тренингтің діттеген мақсаты да осы. Білек сыбанып, жұмыла жұмыс жасау. Діни сауаттылық. Саналы, көркем насихат.
«Ақидаң адастырмасын»
Бүгінгі семинардың алғашқы дәрісін исламтанушы, теолог Ерсін Әміре «Матуруди ақидасының діни мәтіндік негіздері және қайшы көзқарастар» тақырыбында жүргізді. Жасырары жоқ, қазіргі теріс пиғылды топтардың бүгінгі қозғайтын мәселесі де осы сенім жайында, күпірлік және Алланың сипаттарына қатысты. Сан ғасырлар қалыптасып, тарих сүрлеуінде өзінің сара жолын қалдырған Матуруди ақидасы жайында жалған сөз айтып, сырт елдің шейхтарына сеніммен қарап, атажұртының ғалымдарына күмәнмен қарайтын ағым өкілдерінің пәтуасыз пікірлері мен дәлел-дәйектерін жіпке тізгендей тізбектеп берген Ерсін қари олардың көксегені бірлік емес, тартысты қалаған бос тірлік деді. «Өкінішке қарай, өзі өсіп-өнген атамекенін қорғаған кешегі батыр бабасы ұстанған сенімге сенімсіздік танытып, ақиданы алыстан іздеген жастарға жаным ашиды. Өздері не айтып отырғанын өз сана-түйсіктеріне салып түсінсе, бұлай етпес еді. Ислам діні – анық және онда ешбір күмән жоқ. Ал, дінімізде ақида – ең маңызды мәселенің бірі. Онсыз сен күнсіз жарық іздегенмең тең боласың» деп, ақида төңірегіндегі ілгері-кейінгі өткен ғалым, ғұлама-шейхтардың пайым-тұжырымдарына кеңінен тоқталып өтті.
Теолог талқылаған ақида жайында елорда имамдары да өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
«Дауласу – дәреже емес»
Семинардың екінші бөлігі исламтанушы Арман Қуанышбаевтың «Мазхабтар арасындағы діни көзқарастық айырмашылықтар және олардың пәтуалық негіздері» дәрісіне арналып, мазхаб мәселесі жөнінде әңгіме өрбіді. Сөзінің бісмілләсін білімнен бастаған Арман Қуанышбаев имамдарға күрес тек қана біліммен, өзіңді, өз жолыңды, мазхабыңды танумен ғана жемісті болатынын жеткізді. «Қазіргі ала қойды бөле қырыққан, қазақы танымнан алыс кеткен ағымдармен, оның ішінде осы мазхабқа қырын қарайтын топ өкілдерімен күрес жүргізу – олармен пікірталасуда болмайды. Естеріңізде болсын, оларды пікірталаспен, дауласып жеңу мүмкін емес. Мұның негізгі себебі – олар өз ата-бабасы ұстанған жолды зерттемеген, тереңіне бойламаған. Ханафи мазхабын мойындамау – оны толықтай зерделеп танымағаннан туындайды. Білмеген нәрсені мойындамау – оңай. Ал, оларға мазхаб жолын мойындату үшін осы мектепті тереңінен, толықтай зерттеп оқу – сіз бен біздің міндетіміз. Біз өз жолымызды өзіміз танып, толықтай пайым-тұжырым қалыптастырып, Ханафи мектебін меңгермейінше, оларды жөнге салу жеңіл іс емес. Білім ізденуден талмайық, әр күннің, әр аптаның белгілі бір уақытын білім алуға, оны тереңінен тануға арнайық. Бұл – біліммен келетін жеңіс» деді А.Қуанышбаев.
Мазхабтар тарихы, ондағы тарау, ұғым-түсініктер, фиқх мәселелерін қамтыған дінтанушы дәрісінен соң, сұрақ-жауапқа уақыт берілді. Онда мазхаб мәселесімен бірге, фиқхтағы таласты тақырыптар, отбасы, неке, сауда жасау, т.б.турасында көптеген шариғи сұрақтар қозғалды.
Сөз соңы
Екі күндік семинардың қорытынды бөлімінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы имамдардың басын қосып, дін жайына көңіл бөліп, кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған Дін істері басқармасының басшысына үлкен алғыс білдірді. «Елдегі діни ахуал мемлекет назарынан тыс қалған емес. Мемлекетіміз әрдайым дін мәселесіне ден қойып, дәстүрлі дінімізді насихаттауға үлкен дем беруде. Осының кезекті бір айғағы – бүгінгі басқосуымыз. Ағымдар ақиқатына ден қойған теологтар талқылаған тақырып турасында бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы «Ағым – ағып кететін нәрсе. Ал, ақиқат қалады. Сол себепті, оларды алынбас қамал көрмеуіміз керек. Олармен болған күресте салиқалы, даналық жолымен жүру – біздің мақсатымыз» деп ашық айтып өткен болатын. Міне, хазретіміз көрсетіп берген бағыттар бойынша жұмыстар бүгінде жемісті атқарылуда. Осы екікүндік семинар-тренингке алыстан ат терлетіп, елордалық дін қызметкерлеріне дәріс жүргізген Ерсін қариға, Арман Қуанышбаевқа көпшілік атынан ыстық ықыласымды білдірем. Хақ дініміз үшін төккен тер, еткен еңбектеріңізді есесін Алла тағала молынан сауаптарымен еселеп, қайырымын берсін дейміз. Алла сіздерге разы болсын», - деп өкіл имам сөзін түйді.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.11.2014
4347
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру