Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Рухани құндылық – ұлт тұтастығының кепілі (ФОТО)

25.11.2014 4330 0 пікір

Бүгін Елордамыздағы «Тілеп Қобыз» сарайында Астана қалалық әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы мен ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі болып танылатын «Нұр Астана» орталық мешітінің"Қазіргі қоғам өміріндегі рухани құндылықтар" атты бірлескен семинары басталды. Екі күнге жалғасатын семинар-тренингте елге белгілі теолог ғалымдар, дінтанушы мамандар дін ахуалы төңірегінде мазмұнды дәрістер жүргізеді.

Семинар шымылдығын Астана қалалық әкімдігі Дін істер басқармасы басшысы Жорабек Дәуренов ашып, бүгінгі таңдағы дін мәселесі, семинарды өткізудегі мақсат турасында өз ойын ортаға салды. «Зайырлы қоғамдағы діни сенім елдегі тұрақтылыққа, бейбітшілік пен тыныштыққа селкеу түсірмеуі керек. Қоғамдағы кез келген мәселені шешудің бейбіт жолын қарастыру сіз бенен біздік негізгі міндетіміз» деді басқарма басшысы.

Мұнан соң Дін проблемаларын зерттеу орталығының өкілі Нұрдаулет Әлмұханов қаладағы намазхана ашу, мешіт салу, оған бөлінетін жер телімдері жөнінде сөз қозғады.«Бүгінгі таңда қаламызда ашылатын намазханаларды заңдастыру, мешіттерге бөлінетін жер, салынатын ғибадатхана құрылысы, тәртіптері мен шариғи шарттары маңызды мәселе болып отыр. Дәл қазіргі уақытта қала бойынша 3 намазхана заң талаптарына сәйкес ашылған. Мешіт құрылыстарына арналған сегізге жуық жер телімдері әзірге толықтай игерілген жоқ. Бұл алдағы күннің еншісінде» деген орталық өкілі дін қызметкерлерінің діни рәсімдер жасау тәртібі, оның заңға сәйкес не қайшы келетін тұстары жайлы айта өтті. Дін қызметкері келісілген мекеме мен өз қызметтік орнында өзіне тиесілі мүмкіндіктер шегінде рәсімдер жасай алады. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты қаладағы 8 мешіттің қызметкерлерінің діни рәсімдер жүргізуге толықтай құқы бар.

Қаладағы өзге намазханаларды заңдастыру мәселесінде бұл ғибадат орындары тікелей әрі толықтай ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі болып танылатын «Нұр Астана» орталық мешітіне бағынуы міндетті екенін айта кетуіміз керек.  Осы сынды тақырыптарды қамтыған Нұрдәулет Әлмұхановтың мәлімдемесінен соң дін қызметкерлері түйткілді сауалдарын қойып, діни рәсімдер турасындағы талап пен тәртіптік мәселелер жайлы өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға тастады. Сондай-ақ, діни кітап саудасы да бүгінгі қозғалған мәселелердің қатарынан болды.

2011 жылдың 15 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» деп көрсетілді.

Ал Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес дін туралы заңда көрсетілгендей діни мазмұндағы әдебиеттер қаладағы арнаулы орындарда сатылуына рұқсат берілген. Нұрдәулет Әлмұхановтың заңдық талаптарға сәйкес Астана қаласында «Күлтегін», «Алматы», «Абай», «Кәусар», «Книжный Эльдорадо», «Эльдорадо», «Кик» кітап дүкендерінде діни мазмұндағы кітаптардың сатылуына рұқсат екенін жеткізді.

Ал, мұнан соң «Діни аспектідегі шиеленіс» тақырыбында «Ника» шешендік өнер орталығының жетекшісі Меруерт Жүнісбек семинар тренинг өткізді. «Дін насихатын жүргізуде имам-молдалар сөзге жүйрік, орақ тілді болуы, орамды ойды айта білуі, бұқарамен тығыз байланыс орната білуі қажет» дейді Меруерт Жүнісбек. «Бір діннің пұшпағынан ұстап отырып, түрлі пікір, ұстанымда болудың қандай себептері болуы мүмкін? Әлбетте, әртүрлі. Оның әлеуметтік, материалдық һәм рухани сипаттары бар. Қалай болғанда да, түсініспеушілік пен шиеленістің алдын алудың бірден бір факторы – өзіңмен пікірталасқа түскен немесе теріс жолға түскен адаммен саналы әрі байсалды түрде сұхбат құру, көркем түрде насихат жүргізу» деп сөзін қорытты.

Екі күнге созылатын семинардың алғашқы бөлігі осымен тәмәм болды. Ал, түс ауа семинардың екінші бөлігінде Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-талдау және зерттеу Орталығының бөлім басшысы Тұрар Әбуовтың «Қазіргі исламдағы радикалдық бағыттардың сипаттамасы» тақырыбында өз дәрісін жүргізеді.

Ал ертеңгі семинар-тренингте елге белгілі, танымал теологтар Арман Қуанышбаев«Мазхабтар арасындағы діни көзқарастық айырмашылықтар және олардың пәтуалық негіздері» тақырыбында, Ерсін Әміре «Матруди ақидасының діни мәтіндік негіздері және қайшы көзқарастар» жөнінде  елорда имамдарына дәріс өткізеді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру