Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әл-Азһар университетінің профессоры Нұр-Мүбарак университетінде дәріс өткізді

17.11.2014 3581 0 пікір

Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіндегі білім алушы қыз-келіншектер Мысырдың Әл-Азһар университетінің профессоры Хана Мухаммад Абу Толибтің арнайы дәрісін тыңдауға мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014-2015 оқу жылында жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды шақырту жоспары бойынша Нұр-Мүбарак университетіне 4 орын бөлінген еді. Осыған байланысты елімізге арнайы шақыртумен келген Хана Мухаммад Абу Толиб Құран Кәрім және тәфсир ілімі бойынша Нұр-Мүбарак университетінің студенттеріне дәріс оқи бастады.

Болашақ  исламтанушы  нәзік жандардың алғашқы лекциясы Құрандағы әйелдерге қатысты үкім аяттарына қатысты болды.  Өмірде әйел тағдырында кездесетін жағдайларға байланысты Құран үкімдерінің хикметі жайлы тың мағлұматтармен танысқан студенттердің де сұрақтары баршылық екен. Студенттер сұрағына тұщымды жауап берген  Құран ілімінің ғалымы  өз дәрісін таза араб тілінде өткізді. Ғалымды түсіну ғылым тілі – араб тілін меңгере бастаған студенттер үшін әрі тәжірибелік шыңдалу іспеттес болды.

Нұр-Мүбәрак ЕИМУ-де қазіргі уақытта бакалавриатта 3 мамандық бойынша 667 студент, 3 бағытты магистратурада 62, докторантурада 3 түрлі салада 14 және сырттай 35 адам тәлім алады.

 Магистранттар мен докторанттар білімін шет елдік еңселі ЖОО барып тереңдетіп оқуға мүмкіндік жасалған.  Небәрі 13 жылдық тарихы бар университетте бүгінде  7 профессор, 18 PhD докторы, 8 доцент, 7 ғылым кандидаттары дәріс берсе, оған үстеме арнайы бағдарлама бойынша шақыртылған ғалымдардың осындай  қосымша дәрістері студенттердің біліктілігін арттыра түсуде. 

Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» ЕИМУ баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру