Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әс-Сәләмға» бас имам бекітілді

14.11.2014 4446 0 пікір

Бүгін елорданың өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана іргесіндегі «әс-Сәлам» мешітінің жұма намазына қатысып, кешірімділік жайында уағыз жүргізді.

– Бейбітшілік пен мейірімділікке шақырушы асыл дініміз адам баласын кешірімді, қайырымлы болуға үндейді. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті кәләмінің «Ағраф» сүресінің 199-аятында былай дейді: (Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ, надандардан бет бұр».  Асыл діннің тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы уақиғалар, ұлы жеңістер кешірім мен мейірім, тақуалық пен көркем мінез арқылы іске асқан. Кешірім адамзат арасындағы салқынды жылытатын, мұңлыны қуантатын қасиет.  Кешірім бір-бірімізге деген сүйіспеншілікті, махаббатты арттырады. Кешірім бірін-бірі жек көретіндердің амалын босқа шығарып достастырады. Құран кәрімде «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (Фуссилат, 34 аят.) дейді.

Хақ діннің ақиқаты сондай биік дәрежедегі көркем қатынастың нәтижесінде жүректердің төрінен орын алды. Мұны тарихтың өзі дәлелдеп бергенін бүгінде баршамыз білеміз.  Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: "Егер кімде үш қасиет болса, Алла тағала оның есебін жеңіл етіп және мейірімімен жәннатқа кіргізеді. Сонда сахабалар Алла елшісіне (с.а.у.) ол қандай қасиет деп сұрайды? Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: "Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық еткен адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең жәннатқа кіресің"-дейді.

Міне, қадырменді ағайын, сүннетін салтына, дінін дәстүріне ұштастырып тірлік кешкен халқымыз шариғат бұйрықтарын, дінін діліне айналдырып, «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Кең болсаң кем болмайсың», «Ақ сауыттың жағасы бар, Жеңі жоқ. Шын жақсының ашуы бар. Кегі жоқ» деп қызыл тілмен өрнектеген.

Жамағатты бірлікке, кешірімділікке үндеген уағыздан соң Наурызбай қажы Тағанұлы «әс-Сәлам» мешітінің жаңа бас имамын көпшілікке таныстырды. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген «әс-Сәлам» мешітінің жаңа басшысы Акбаров Қоңдыбай Серікбайұлының еңбек жолы жайлы қысқаша баяндап, жаңа имамға қызметте табысты, еңбекте жемісті болуына тілектестік білдірді.

Қоңдыбай Акбаров өз өмірін Хақ дінге арнаған дін қызметкері. 1997-2002 ж.ж.Алматы орталық мешітінде имамдық қызметте, 2002-2011 жж. Шығыс Қазақстан облысының өкіл имамы қызметтерін жемісті атқарған. Осыған дейін 2011-2013 жж. ҚМДБ-ның Жезқазған өңірі бойынша өкіл имамдығында болған.

Ал, қала іргесіндегі мешіттің көсегесін көгертіп, жұмысын жандандырып келген бұрынғы бас имамы Жүніс Төрежан осы мешіттің найб имамдығына тағайындалды.

 

Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру