Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Елбасының сұхбаты ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртудың өнегелі көрінісі

14.11.2014 3574 0 пікір

Елбасының Ұлытау төріндегі тарихи сұхбаты ұрпақтар сабақтастығын рухани толғаныстар түрінде жаңғыртудың өнегелі көрінісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған «Ұлытау сұхбаты – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Елбасының Ұлытау төрінде, Әулиебұлақтың жағасында берген тарихи сұхбаты осы қасиетті өлкені лайықты түрде ұлықтаудың, ұрпақтар сабақтастығын рухани толғаныстар түрінде жаңғыртудың, жасампаз елдің көнермес құндылықтарын ертеңгі буынға аманат етудің өрелі де өнегелі көрінісі. Ұлы ғұндардан бастау алып, көк түріктерге ұласқан, Алтын ордада тамыр жайып, хандық дәуірде кемеліне келген, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен тарихымыз туралы айта келіп, Елбасы «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр, сондықтан тарихымызды таныту үшін көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың бірі – Ұлытау, бұл ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын орданың да орталығы болған жер» деп атап көрсетті. Атап айтуымыз қажет, Ұлытау біз үшін тарихи-мәдени ескерткіштер молынан сақталған ашық аспан астындағы мұражай. Ол баба тарихтың тірі куәсі іспетті шежіре өлке болуымен де маңызды. Тарихшылардың айтуынша, Жезқазған, Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар екен», - дейді М.Әзілханов.

Оның пікірінше, ұлан байтақ далада бір тіл, бір дін, бірегей әдет-ғұрыптың сақталуында Ұлытаудай ұлағатты өңірдің өз үлесі бар екені Елбасы сұхбатында ерекше айшықталды.

«Осы арнадағы ойларды дін туралы толғаныстарға ұластырған Елбасының «Тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қазақ ешқашан діннен айырылып көрген емес, ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінмен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз» деген сөздері қазақтың рухани тарихы мен терең тамырлы дәстүріне сынмен қараушыларға берген пайымды жауап болып табылады», - деп толықтырды ол.

Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатында айтылған дін мен тарих саласына қатысты келелі ойларын талдап-таразылау, сұхбаттан туындаған ой-пікірлерді ой елегінен өткізіп, көпшілікке ұсыну көзделген жиынға депутаттар, зиялы қауым мен мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары қатысты.

Айымгүл ӘБІЛЕВА,
bnews.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру