Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имам БАҚ өкілдерінің басын қосты (ФОТО)

14.11.2014 3387 0 пікір

13-қараша күні Атырау облысы Дін істері басқармасы, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігі және ҚМДБ-ның Атырау өңіріндегі өкілдіктің бірлесе ұйымдастыруымен "Иманғали" орталық мешітінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен "Ғаламтордағы дін тақырыбын насихаттау" тақырыбында семинар өткізілді.

Шараға ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, өңірдің өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы, Атырау облысы бойынша Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев, Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Мырзагерейқызы және қала және аудандарда дін тақырыбында қалам тербеп жүрген бір топ тілшілер қатысты.

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы «Ғаламторда діни тақырыбы қалай насихатталуы керек? Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының тәжірибесі» тақырыбында ақпараттандырды. ҚМДБ-ның Атырау облысындағы өкілі, «Иманғали» орталық мешіттің бас имамы Батыржан Берденұлы «Иманғали» облыстық мешітінің islam-atyrau.kz сайтына шолу жасап: «Қазіргі жиырма бірінші ғасыр - ақпарат пен жаңа технологиялар кезеңі. Ал жаңа технологиялардың тілін меңгеру заман талабы. Осы ретте Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешітіне қарасты islam-atyrau.kz діни-танымдық сайты жаңа дизайнға ауысқанын қуанышпен жеткізгіміз келеді.

Мешіт сайты ақпарат кеңістігінде өз орнын алып, жағымды жаңалықтарымен, мазмұнды мақалаларымен, білікті де білімді теологтардың видео-медиа дәрістерімен оқырмандарын ақпараттандыру үстінде. Оқырман талғамына сай сайтты жаңарту, сапасын онан әрі жетілдіру мақсатында біршама жұмыс жасалды.

Дін мен дәстүрді дәріптеу, ел ынтымағы мен бірлігіне үлес қосу, оқырманды дұрыс әрі маңызды діни құндылықтармен сусындату - islam-atyrau.kz діни-танымдық сайтының басты мақсаты болып қала бермек», -  дей келе практикалық кеңестерімен бөлісті.      

Мұнан соң журналистер қауымы өзара пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Семинар соңында Атырау облысы бойынша Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев БАҚ өкілдерінің халыққа дінді дұрыс насихаттауда алар орны ерекше екеніне тоқталып, «Діни ахуалды ақпараттандыратын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің біліктілігін арттыру және оқыту курстарын өткізу» шараларын үздік аяқтаған БАҚ өкілдеріне сертификаттар табыстады.  

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру