Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Болсын деп жылы баспана «Қысқы қайырымдылық» (ФОТО)

13.11.2014 3588 0 пікір

Қыс – қыр астында. Хәкім Абай айтқан «кәрі құда» әне-міне дегенше, басқан жерін сықырлатып, үскірік, аязбенен демалып, қырау басып келіп те қалды. Арқаның алты айлық суық маусымы кімді де болса қажытары рас. Ал, қыстың қамын жаз ойлауға ниеті болғанымен, шамасы жетпеген жандар қаншама. Әсіресе, жер үйді мекен еткен қала тұрғындарын қыс мезгілі аппақ қарымен, шыныдай мөлдір ауасымен қуанта қоймайды.

Елорда маңына қоныс тепкен Пригородный тұрғын үйлеріне қарап көш бастаған «Нұр Астана» мешіті керуенінің алға қойған мақсаты да осы, жер үйде тұратын, қарекет қыларлық қауқары төмен отбасыларға отын-көмірін, қыс азығын тарату.

Естеріңізде болса, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін қызметкерлеріне тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға қарайласып, қайырымдылық шараларын көптеп өткізуді тапсырған еді. Осы орайда ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі болып саналатын «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен «Мейірімділік мекені» атты ауқымды акция қолға алынып, күні бүгінге дейін бірқатар ізгі істер атқарылды.

Қала сыртына бағыт алған бүгінгі көш те осы ізгіліктің ізімен жалғасын тауып, Пригородный тұрғын алабындағы тұрмыс-тіршілігі төмен отбасыларға қыстық отын-көмір, азық-түлік таратылды. Бас имам бастап барған дін қызметкерлері бүгін 16 шаңыраққа кіріп, әр отбасыға 5 литрден сұйық май, күріш, қант, 25 келі ұн, қыстық қайнатпа банкілерін, т.б. азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратып шықты.

Сондай-ақ, бүгінгі мейірімділік миссиясы материалдық қажеттіліктермен ғана шектелмей, әр үйге бас сұққан өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы асыл дініміз Ислам жайында әсерлі уағыздар айтып, көңілі кемшін жандардың жүректеріне иман отын жақты. Бұдан бөлек, діни дискілер де таратылды.

«Бұл шара бір күнмен не бүгінмен шектелетін шаруа емес. Бас мүфтиіміз жүктеген тапсырмалар қатарындағы күн тәртібінен түспейтін игі шаралар. Себебі, біз ардақты пайғамбарымыздың «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырған бізден емес» деген өнегелі өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырып «Көрші ақысын – тәңір ақысына» балаған кешегі текті атаның заңды жалғасымыз. Қайырымды болу, өзіңе қалағанды өзгеге де қалау, қолыңнан келгенінше жәрдемдесу ұлтымыздың болмысына тән қасиет» деген өкіл имам акция алдағы күндері де өз жұмысын тоқтатпайтындығын жеткізді. Айта кетейік, "Мейірімділік мекені" акциясы қаламыздағы тұрмысы төмен отбасылармен қатар, көп балалы, мүгедек жандарды тәрбиелеп отырған шаңырақтарға шама-шарқынша жәрдемдесуді, дәрі-дәрмек, қажеттіліктеріне қол жеткізуге көмектесуді мақсат тұтады.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру