«Мешіт – мінәжат орны ғана емес. Мешіт – мәдениет ордасы, рухании һәм дүниелік қажеттіліктеріміздің іске асар құтты мекені». Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтқан салмақты сөз.
Бас мүфти бекіткен бағыттардың маңыздысы – спорт сайысы өтті бас қалада. Бұл сайыс бұрынғы аламаннан айрықша, өткен жарыстардан өзгеше. Мұның себебін, бірлікті арттырып, жамағатты жарастырған әрі салауатты өмір салтын жаңғыртып, дамыту секілді маңызды мақсаттардың тоғысуынан-ақ байқаймыз. «Тәні саудың – жаны сау» деген халық нақылын алға қойған футбол сайысы елордамыздағы мешіттердің сауат ашу курстарына қатысушы жастар мен екі медресе шәкірттерінен құралған топтар арасында өтті.
Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ Аппарат басшысы:
– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бүгінгі спорттық шара ҚМДБ төрағасы бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазретіміздің тікелей тапсырмасымен өткізілуде. Хазретіміз «Кемі бес шәкірті болмаған имам өзін имам санамасын» деген салмақты сөз тастаған. Бұл өз кезегінде мешіттеріміздегі сауат ашу курстарының жұмысын жандыру керектігін көрсетеді.
Бүгінде халықтың діни сауаттылығы заман талабы екені айтпаса да түсінікті. Жат ағымның жүгеніне ілінбеудің алғышарты да осы. Дін құндылықтарын иман мен білімнің ұштасуында ғана тура табатынымыз белгілі. Ал, әлемдердің раббысы Алла тағала мұсылман баласының білімді ғана емес, қуатты, дені сау болғанын, саулыққа сақ қарау керектігін бізге өз кәламында ескертеді. Сол себепті де, шариғатымызда «Денсаулық – үлкен аманат» болып саналады.
Бүгінгі футбол сайысын өткізудегі мақсат – мешіттегі сауат ашу курстарына қатысушы жамағаттар арасындағы жарасымдылықты нығайту, ауызбіршілікті арттыру, сондай-ақ, дененің ақысын беріп, денсаулықты шынықтыру.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкіл имамы:
– Бүгінде баршамызға мәлім, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын қалыптастыру керек екендігін әрдайым елге арнаған жолдауында айтып келеді. Осы мақсатта хазретіміз Ержан қажы Малғажыұлы биылғы атқарылар іргелі істердің қатарына бұқаралық спорт сайыстарын жиі ұйымдастырып тұруды да тапсырған еді. Мұсылман жұртшылығының қасиетті екі айт мерекелерінің бұқаралық сипатта, ұлттық нақышта өтуі, ұлттық спорттық ойын түрлеріне ден қойыла бастауы да осы игі бастаманың алғашқы нәтижелері. Бұл бастаманың мән-маңызы айрықша. Бұқараның салауатты өмір салтын қалыптастыру, жамағат бірлігін арттыру, денсаулықты шыңдау, міне, осы мақсаттар игі шараның діттегені. Бүгінгі футбол турнирі осы үдеден шығуды көздейді.
Тартысты өткен футбол сайысында бәйгенің үшінші орнын «Әс-Сәлам» мешітінің құрама командасы иеленіп, 30 000 теңге ақшалай сыйақы мен арнайы диплом табысталды. Ал, бүгінгі аламанда «Арландықтардың» арынына өз биігінде төтеп берген «Әзірет Сұлтан»мешітінің «Сұлтан» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Осылайша күмісті місе тұтқан «Сұлтандар» қанжығаларына 50 000 теңгені байлап, арнайы марапатқа ие болды.
Бүгінгі бәйгенің бас жүлдесін «Шейх Кунта қажы» мешіті атынан қатысқан «Арланның» екпінді ерлерлері иеленіп, қазылардың шешімімен футбол кубогы мен 70 000 теңге қаржылай сыйақыға айтулы команда лайықты деп танылды. Ал өзге қатысушы командалардың барлығы да арнайы дипломлардан марапатталды.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.11.2014
3523
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру