Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дархан даланың данышпан ұлы» атты рухани шара

07.11.2014 4994 0 пікір

Ағартушы, ақын, философ, дін қайраткері Мәшһүр Жүсіп (шын аты-Адамжүсіп) Көпейұлының  артына қалдырған мұраларының 20 томдық жинағы 2013 жылдың аяғында жарық көрген еді. ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исеновтың ұйымдастыруымен   «Дін мен дәстүр» жылы аясында жоспарланған іс-шаралар  бағыты негізінде аталмыш жинақтың тұсаукесер рәсімі  облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде  жүргізілді. Шараның негізгі мақсаты дәстүрлі дініміздің құндылықтарына, исламмен біте қайнасқан әдебиетіміздің жауһарларымен қоса қазақ халқының би-шешендері, ақын-жазушыларының еңбектерін «Әбу Бәкір Сыддық» медресінде оқып жатқан шәкірттерге, болашақ имамдарға Мәшһүр Жүсіптің діни тақырыптағы шығармалары таныстырылып,  данышпанның мұрасын  зерттеуші жергілікті ғалымдардың еңбегі насихаттау болмақ. 

Шараға С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің профессоры, доктор Тұрышев Айтмұхамбет Қасымбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың шөбересі Жүсіпов Ертай Қуандықұлы, Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық Институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, арабтанушы  Әміренов Әділбек Дәуітбекұлы және «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы, арабтанушы Талқанбаева Қарлығаш Қажымәлікқызы, Республикаға белгілі жыршы, термеші, көркемсөз шебері Әсенов Даниял Сабырұлы қатарлы белгілі ғалымдармен ұстаздар, және «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстаздары мен шәкірттері, дін жанашырлары, жамағат өкілдері қатысты.

 Шараға қатысушылар алдымен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің «Хабар» телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасы арқылы жүргізілген сұхбатын тамашалады. Келесі кезекте  жоғарыда аталған ғалымдар шараға қатысушыларға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ әдебиеті, ғылымы, өнері, тарихы ғылымында алатын орны, Мәшһүр Жүсіп мұраларының құндылығы, жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі,  дін мен дәстүр үйлесімділігінің қажет еткен заман талабына жауап беретіндігі туралы жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар тақырыпқа байланысты қысқа бейнероликтер де көрсетілді.  Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың шығармаларының көрмесі ұйымдастырылып, шараға қатысқан ғалымдарға қасиетті Құранмен қоса әртүрлі діни оқулықтар, кітаптар сыйға тартылды. Шара соңы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Омаров Әбдімүтали Жұмаділлаұлының жасаған келелі батасымен байыды. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру