Дін – қоғам мен мемлекетті, ұлттар мен ұлыстарды ортақ идеялар мен құндылықтар төңірегіне топтастыратын сенім болумен қатар, бір мезгілде әлеуметтік алауыздықтар мен айырмашылықтарға түрткі беретін нәзік орта. Ондай алауыздықтардың орын алу себебінің бірі діни сауатсыздықтан туындайтыны баршамызға мәлім. Сондықтан мемлекет пен қоғамға жүктелген міндеттердің бірі дінге қызығушылық танытқан топтың басым бөлігі болып табылатын жастардың бойында ұлттық сана мен діни, дүниетанымдық позицясын қалыптастыру.
Бұл тұрғыда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізде жүргізіліп отырған ұлтаралық келісім мен конфессияаралық ауызбіршілікті сақтаудағы жұмыстарының басты мәні –діннің әлеуетін ұтымды пайдалана отырып, оны ел дамуының рухани тетігіне айналдыру екенін баса айтқан болатын.
Бүгінгі өткен келелі конференцияның мақсаты да Елбасы бағытынан туындаған діннің бай ресурсын кемелді ұрпақ тәрбиесіне жұмсау болып табылады.
Алайда, қоғамда ақиқатты іздеймін деп адасқан кейбір жастарымыздың жат пиғылы салдарынан ата дінге деген жағымсыз көзқарастың қалыптасып жатқанын жасыра алмаймыз. Бұған қатысты ортада сөз сөйлеген ҚМДБ Маңғыстаудағы өкілі С.Сейтбеков «Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін Ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай жағдайға душар болса да, Исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Себебі белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстанымдары мен ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды» - деген сөздерімен Исламның бейбітшілік діні екенін айтып өтті.
Сөз кезегін алған Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының» басшы м.а. Искандер Смаилов өзге елдердегі мемлекет ішінде ұлтшылдық партия мен қозғалыстар құру, қол астындағы БАҚ-ты пайдаланып мақсатты пікірлерін халық арасында қалыптастыру, секталар мен радикалды ағымдар құру және ел ішінде іріткі салу бүгінгі «бір алып державаның» елді іштен төстеудегі «қаруына» айналғанын айтып, оның құрбаны болған бірнеше мемлекеттерді атап өтті және азаматтарды мұндай арандатушылықтан аса сақ болуға шақырды.
Бұдан басқа да сүбелі мәселелер қозғалып, салиқалы сөз айтылған келелі конференциядан сарабдал ой түйген қатысушылар дін төңірегінде көкейінде мазалаған сан түрлі сауалдарына жауап тапты. Жиын соңына ұйымдастыру алқасына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
ҚМДБ-ның Маңғыстау өңірінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.11.2014
4104
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру