Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сәулеті келіскен сәулелі үй бой көтерді

07.11.2014 4153 0 пікір

Асыл дініміз іргесін бекіндіре бастағалы ауыл-аймақтарда, елді-мекендерде көк күмбезді көзіңді шағылыстырар әсем мешіттер бой түзей бастады. Міне, сондай соңғы сәулет үлгісінде салынған Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Еңбек елді-мекенінде «Әбу Тәліп ата» мешіті бой көтеріп, жамағатқа есігін айқара ашты.

Имандылық үйінің ашылу рәсімінде облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров: «Кімде-кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисін тілге тиек етіп, жиылғандарға мешіт салудың үлкен сауапты іс екенін айтып, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.

Жаңақорған ауданының әкімі С.Тәуіпбаев: «Бұл құтхана ауданымыздағы 31-ші мешіт. Ендігі кезекте имандылық үйі ел игілігі мен бірлігіне, жастарымызды ізгілікке тәрбиелеуге қызмет етуі ләзім»,- деген ақжарма лебізін жеткізді.

Ел ағасы Ержігітов Есенгілді аз-кем Алла үйінің соғылуына себепкер болған ауыл тумасы, ауданымызда ұзақ жылдар денсаулық саласында басшылық қызмет атқарған Нұрілда Талипов хақында баяндама оқыды.

Сауапты іске ұйытқы болған, ізгілік нәрін себетін құлшылық үйінің салтанатты ашылу барысында ауыл халқы атынан Б.Аяпов, Б.Кенжаевтар ақ батасын беріп, Н.Талиповқа ат мінгізіп, иығына зерделі шапан жауып құрмет көрсетті.

Соңыра түскі намазға азан шақырылып, жиылған жамағат жаңа мешітте маңдайларын сәждеге тигізді. Одан әрі Тәліповтер әулеті барша жамағатқа дастархан жайып, баба рухына Құран бағыштады. 

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының баспаөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру