Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде имамдар аттестация тапсыруда

06.11.2014 3403 0 пікір

Күрең күздің күре күндерінің бірінде ата дініміздің өркендеуіне бар өмірлерін арнаған Шығыс елінің имандылары Өскеменнің рухани еңсесін көтеретін «Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің» төріне жиналды.  Өйткені, аймақта орын алған 100 – ге таяу мешіттің 90 – ға жуық ақ сәлделі діндарлардың діни білімдерін сынау емес, біліктілігін яғни қызметіне лайықтылығын саралау еді. 

Бұл шараға Астана қаласынан ҚМДБ – ның дін істер бөлім меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, шариғат және пәтуа бөлім меңгерушісінің орынбасары  Сансызбай Шоқанов, кадр бөлімі меңгерушісі Байзақ Бекмұратов сынды тәжірибелі азаматтар ат терлете жетті. «Түсі игіден түңілме» демекші, аймақтың барша иман жүзділері оларды шынайы жылылықпен қарсы алып, бірден емтиханға енді. 

Саралаушылар қатарына Өскемен қаласының дін мәселелерін зерттеу орталығынан арнайы келген психолог Жібек Кунафина да қосылды. Білімдерін өмірлік тәжірбие көзінен өткізген қала және аудан мешіттердің жоғары білімді де білікті имамдары алғашқы шымылдықты ашты. Жылдар бойы ойына тұнған білімдерінің сапасын түстеуге кіріккен бұл топтың нәтижесі қызметіне лайықты деген жоғары көрсеткішті көрсетті. Ал, келесі күні сынаққа түскен ауылдың рухани жетекшілері ешкімнен кем түспеді. «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, аттестация яғни саралау инеге жіп сабақтағанмен бірдей болды. Себебі, ақида мен тәжуидтен басталған сұрақтар Қазақстан Республикасы Заңнамасын қамтыған қоғамдық сауалдарға да ұласты. 

Негізінде, емтиханға жиналған аймақтың баршаның көңілі өз дініне ақау түсірмеу еді. Осы амалдарына ризалығын білдірген саралаушылар аймақтың барша имам – молдаларына жақсы бағаларын берді. Аттестация соңы облыстың Бас Прокуроры Бағбан Тайымбетов пен Шығыс Қазақстан облысы бойынша дін істер басқармасы төрағасы Манарбек Мұхаметжановпен жүздесу болды. Мемлекет тыныштығын ойлаған бұл азаматтар дінаралық және ұлтаралық татулықты ұстанған қазақ елінің дініне өркендеу тілей келе,  қазақ қоғамында орын алған дінімізге жат ағымдармен біріге күресу бағытындағы имам – молдалардың атқаратын басым рөлі мен ҚМДБ – мен бірлескен жұмыстар қатарын ұсынды. 

Ең бастысы, ел тыныштығы мен дін амандығы, оған баршаның тізе бүкпей ат салысуы әңгіме өзегіне айналды. «Облыстық Прокуратура  тарапынан әр жағдайда  істеріңізге жәрдем көрсетіліп, қол ұшы беріледі. Себебі, Елбасымыздың мақсаты ел тыныштығы, оны қолдау, әрі қарай алып жүру сіздер мен біздердің бүгінгі басты міндетіміз. Еш нәрсеге қымтырылмай, кеңес алуға облыстық Прокуратураға келіңіздер, есігі әрдайым ашық. Істеріңізге Қазақстан Республикасының Заң аясында әрқашан көмек беріледі» деген Бағжан Тайымбетовке жиналған Шығыс елінің иманды қауымы алғысын білдірді.    

Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру