Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балғындар бас мешітке аяқ басты

06.11.2014 3100 0 пікір

Бүгін елордамыздағы №30 мектептің оқушылары Астананың айшықты құлшылық үйі – «Нұр Астана» орталық мешітінде болды.

Хұсни жазуымен безендірілген мешіт минбарларына, әсем жазу жайылған ішкі қабырға, шаңырақтарға тамсана қараған оқушылардың мешіт қызметкерлерінен сұрары, қызықтырған жайттары көп болды. Оқушыларды қарсы алған найб имам Асхат Сәлімов мешіттің Елорда төрінде бой көтеруі, ғибадатхананың негізгі міндеттері жайында мәлімет берді.

«Өздеріңізге белгілі, осындай әсем қала – Астананың көз сүйсінткен көркіне әр берген мешіттің салынуына елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тікелей ұйытқы болды. Бүгінде мешіт халықтың көз қуанышына айналды. Дүние есігін ашқан балаға азан шақырып ат қоюдан бастап, бүкіл шариғи рәсімдер, шаңырақ көтеріп, отбасылы болғанда ақ адал некені қидыруға дейін осы қасиетті орында өткізіледі. Елдің ықыласы қашанда үлкен, ыстық. Ал, мешіт қызметкерлері әрдайым ел қызметінде» деп мешіттің ішкі тынысынан хабардар еткен найб имам ел болашағы білімді жастардың қолында екенін айтып, әсерлі уағыз жүргізді.

Шариғи сауаттылықтың да маңызды екенін айтып, діни білімді мешіт имамдарынан алу керектігін де ескертті. «Діни сауатты бала жаза баспайды. Сол себепті, дін ілімін тек қана мешіт қызметкерлерінен, имамдардан алу керек. Осы мақсатта Астана мешіттерінде жыл бойына сауат ашу курстары жүргізіліп келеді» деген Асхат Сәлімов болашағын біліммен ұштастырған балаларға Ислам дінінің бейбітшілікке, бірлікте тірлік етуге шақыратынын баяндады.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету асыл дініміздің негізгі үкімі болса, қазақ халқының таным-түсінігі, салт-дәстүрінің барлығы дерлік адами құндылықтарды көтеруге бағытталған, дінмен біте қайнасқан. Осы жайында өрбіген найб имамның әсерлі әңгімелері оқушыларды ұйытып, олар өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.Тұщымды жауаптарын алып, еңселі мешіттен көңілді күйде тарқасты. 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру