Павлодар қаласындағы облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті мұсылман қауымының үздіксіз қатынасып, 5 уақыт намазын өтеп, рухани сұраныстарына жауап тауып, нәр алатын үлкен орда.
«Мәшһүр Жүсіп» мешіті ашылғаннан бергі 13 жыл ішінде облыс халқы, мешіт жамағаттары арасынан көненің көзіндей болған көптеген ескі кітаптар, соның ішінде ата-бабалары тұтынып келген әртүрлі жылдары баспадан шыққан Құран кітаптарын халық мешітке әкеліп сыйға тартуда. Бүгіндері осындай көне Құрандардың саны жиырмадан асты. Мәселен, Ермек Мерзетхат атты жас намазхан әкелген «Құран» кітабы 1853 жылы Қазан баспасынан шыққан болса, Қарагөз Кәрімжанова әжейдің мешітке әкелеген «Құран» кітаптары 1883, 1886 жылдары Меккеде баспадан шығыпты. Сондай-ақ Мекке баспаханасынан шыққан «Құран», «Ақида», «Фикһ», «Философия» және «Жабайы үлкен аңдар туралы» анықтамалық энциклопедия (имам Самарқандидің «Тәнбиһул Ғафилийн», «Бүстәнүл Ғарифийн» және Кәмәлүддин әд-Дәмиридің «Хаятүл Хаиуанатүл-Күбра») кітаптары да бар. Тағы бір қызықтысы Алаш ардагері Міржақып Дулатұлының жалпы білім беру орта мектебінің 2-сынып оқушыларына арнап жазған «Есеп құралы» оқулығы. Оқулық 1925 жылы Орынбор баспасынан шыққын екен.
«Алдағы уақытта «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханасына мешіт ғимараты ішінен сыйымдылығы үлкен арнайы орын босатылуда. Мешіт кітапханасын «Рухани орталық» ретінде қайта жабдықтап, арнайы мәдени, рухани -іс шаралармен қатар оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстарын білікті дінтанушылар, имамдардың қатысуымен сол орталық арқылы ұйымдастырып тұру ісін қолға аламыз. Сонымен қатар бұл орталықты «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан халқымыздың барлық рухани мұраларымен толық қанымдауды көздеп отырмыз»,-дейді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Ермекұлы.
Осы орайда айта кетер бір жай, «Мәшһүр Жүсіп» мешіті ғимараты ішінде арнайы жобамен жуырда ғана жаңалап жабдықталған «Неке бөлмесінде» діни неке қию рәсімі дін мен дәстүр үйлесімі бойынша бекітілген арнай сценарий бойынша атқарылмақ.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.11.2014
3442
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру