Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имам қажылардың басын қосты

30.10.2014 3007 0 пікір

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының ұйытқы болуымен 29-қазан күні қасиетті Меккеден оралған және барша атыраулық қажыларға арнап арнайы дастархан жайылды.

Игі шара Алла сөзі Құран оқумен басталды.  Жүз кісіге жайылған дастархан үстінде қажыларға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының "Хабар" арнасының тікелей эфирде жүргізілген "Көзқарас" бағдарламасында берген «Дін мен діл» тақырыбындағы сұхбаты көрсетілді. Мұнан соң өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы қажылардың басын қосудағы мақсатына тоқталып:

«Баршаңыз қажылыққа барып, қасиетті Мекке жеріне табандарыңыз тиді. Біршама уақыт бұрын биылғы қажылыққа сапар шеккендерге арнайы мешіт атынан ақ жолтай дастархан жайған болатынбыз. Сол кезде келгеннен кейін және бір бас қосатын боламыз деген едік. Міне, сәті бүгін келуде.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл Бас мүфти бастамасымен «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланды. Осыған орай Атырау жерінде біршама игі істер жасалды. Оған өздеріңіз де куә болып жүрсіздер. Бас қосудағы – мақсатымыз сіз-біз болып, ынтымағыз жараса, дінімізге қызмет жасап, дәстүрімізді дәріптеп, жастарымызға өнегелі із қалдыру. Кейінгі жас ұрпақ сіздерге де қарап бой түзері сөзсіз. Сол жастарымыздың жат ағым жетегінде ермеуі үшін сіздер де имамдарымыздың қасынан табылатындарыңызға сенімім мол», - деді.

Сөз тізгінін ұстаған ақ жаулықты ана, еліміздің елеулі азаматтарының бірін тәрбиелеп өсірген Ділдә қажы Матайқызы өнегеге толы әңгіме өрбітіп, өзінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ елге сыйлы, халыққа ерен еңбек еткен бірнеше қажы аға-апалар игі шараға өз ризашылықтарын білдіріп өтті. Бас имам Батыржан Берденұлының көрсеткен құрметіне ризашылықтарын білдірген қажылар халық арасында елдің ынтымағы мен бірлігі жолында берекелі іс жасауға өз тараптарынан ат салысатындарын тілге тиек етті.

"Иманғали" орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру