Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дін және қоғам» тақырыбында семинар конференция өтті

24.10.2014 4185 0 пікір

Маңғыстау облыстық Дін істер басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастыруымен  Ақтау қаласында «Дін және қоғам» тақырыбында семинар конференция өтті. Аталмыш шараға  Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу Орталығы» КММ директорының орынбасары Смағұлов Есбосын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы  қатысты. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы С.Сейтбеков,  облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов, облыс әкімі жанындағы дін мәселесі жөніндегі Кеңес мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Дін мәселесі жөніндегі АНТ мүшелері, білім саласы қызметкерлері болды. 

Түске дейін 3 топқа бөлінген аудиторияда білім саласы қызметкерлері, ақпараттық насихат тобы қызметкерлері және дінтану пәні мұғалімдеріне арналып семинар тренингтер жүргізілді. «Жаңа діни қозғалыстардың әрекеті және Қазақстанның рухани қауіпсіздігі»   тақырыбында баяндама жасаған  Есбосын Меркешұлы тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде Ислам дінін ұстанушылардың саны көбейіп келе жатқандығын, алайда Ислам атын жамылған ағымдардың қой терісін жамылған қасқыр іспетті өз ықпалдарын жүргізуге тырысып әрекет етуде екендігін айтты. Әйтсе де мұндай әрекеттер мемлекет тарапынан реттеліп, арнайы Заң бойынша тоқтау салынуда екендігін жеткізді.

«Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» атты баяндамасында Айнұр Әбдірәсілқызы діни мүдде мен ұлттық мүдде жайында тоқталып, ұлттық құндылықтар мен дін қағидалары бір- бірінен бөлек қарастырылса, тарих сахнасынан алдымен тұтастай буын, соңынан біртұтас ұлт жоғалатындығын,дін мен дәстүр байланысы терең тамырлы екендігі жайында сөз қозғады. «Дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Дін мәселесін дінилендіру де, зайырландыру да емес, руханиландыру қажет. Бізде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарастар белең алуда. Дін мәселесін руханиландыру орнына зайырландыру кері нәтиже береді. Дін өлуі мүмкін, бірақ ешқашан зайырланбайды. Дінді руханиландыру арқылы мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз», дейді Айнұр Әбдірәсілқызы өз баяндамасында.

Дін атын жамылып, дәстүрлі құндылықтарға сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдардың бірі – сәләфизм жайында облыс имамы С. Сейтбеков «Сәләфия ағымының адасқан тұстары» тақырыбында қазіргі кездегі сәләфилік ағымның тармақтары және олардан келетін қауіп қатер, сәләфилік идеологиясының қазақ руханиятына зияны жайында әңгімеледі.Өкіл имам: «Сәләфилік ағым ислам дініндегі қауіпті діни саяси ағымның бірі. Сәләфилердің ең басты ұстанымы намаз оқымаған, исламның парыздарының бірін орындамағанды кәпір санауы. Оларға қанша нсихат айтып, теологтармен жүздестірсең де олар осы пікірлерінен қайтпайды. Сәләфилер өзара төрт топқа бөлінеді: мадхали, сурури, жиһади, такфир. Соңғы үшеуі радикалды болып танылады. Қазіргі таңда өздерінің теріс пиғылды пікірлерін тарату істерімен қарқынды жұмыс жасап отырған ағым- мадхалиттер.  Олар алғашқы уахабшыларға қарағанда аз да болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағандарын ашық жарияламайды, бірақ мазхабқа  еруді адасушылық санатына жатқызады», - деді өз баяндамасында.

Семинарға қатысушылар жан жақты, толыққанды ақпараттарға қанығып, қазіргі кезде ағымдар мәселесі, олардың ара жігін ажырату,  мазхаб ұстанудың ел бірлігі үшін қажеттігі, т.б. тұщымды жеткізілген баяндамалармен танысты.

Түстен кейін семинарға қатысушылардың басын қосқан конференция өтті. Конференцияда Қазақстандағы діни ұлттық бірігейлену мәселесі қозғалып, еліміздің рухани қауіпсіздігі, қазіргі жай күйі және келешегі жайында ой пікірлер ортаға тасталып, ұсыныстар айтылды.

Жиынға қатысушылардың барлығы ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдаланып, жат мәдениет ықпалына көзсіз ермей, радикалды идеологияның жетегінде кетуге  қарсы тұратын бірден бір күш – қазақы дәстүрлі құндылықтарымызды берік ұстануға шақырды. 

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің
баспасөз қызметі

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру