Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әбу ханифа» қоғамдық қоры имамдарға көмек көрсетеді

22.10.2014 4138 0 пікір

Имамдардың қызмет атқару мүмкіндігін жақсарту, олардың әлеуметтік жағдайына назар аудару, іс-қызметтерінің  мүмкіндіктерін арттыру бағытында  Павлодар облысында құрылған «Әбу Ханифа» Қоғамдық қорының жұмысы туралы толық түсініктеме беру болды. Имамдардың  бүгінгі таңда атқарып жатқан іс-қызметтерінің барысымен танысып, мерзімдік тапсырмалар жүктеу және тағы басқа мәселелерді талқылау мақсатымен ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исеновтің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Достық» сарайында барлық қала, аудан, ауыл имамдарының жиналысы өтті.

Өкіл имам Нариман Ермекұлы жиналысты ашып сөйлеген сөзінде:«Елбасы өзінің 2050 жылға дейінгі стратегиясында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз»,-деген болатын. Ендеше сол иммунитетті көтеру жұмысының бір ұшы ҚМДБ-ға, яғни мешіт имамдары біздерге де тиесілі. «Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет»-деген еді ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет.  Бүгінде кей  ауылда мешіттері бола тұра жамағатқа тұрақты қызмет көрсетпейтін, бес уақыт намаз сайын азан шақырылмайтын мешіттер де жоқ емес. Тіптен айлап-жылдап жабық тұратын мешіттер де бар. Ауылдық жерлерге имам тұрақтамайды. Өйткені арнайы діни маманы бар жастар үшін ол жерлерде әлеуметтік жағдайы қанымдалмаған. Ал ауылдағы тұрғылықты имам-молдалар көбінесе өлім мен жаназадан басқалай шаралардан өзгеде іскерлік көрсетпей тұр. Әлбетте өз қызметтеріне адал, жұмысын жақсы істейтін имамдар да көп. Бірақ жалпылама айтқанда дін ісіне деген немқұрайлылық, ықылас-ниет аздығынан және жасырары жоқ бәзбір имамдардың білімі мен сауаты төмен болуына байланысты тіпті ауылдық жерлердің өзінде діни жат ағымдар жетегіне ілесе бастаған жастардың көрініс бере бастауы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан да бүгінгі күн  қасиетті дінімізді дамыту үшін имамдардан  білімділікпен қатар  іскерлікті  де қоса талап етуде екендігі туралы  кеңінен тоқталды.  

Келесі кезекте «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының іс-қызметінің  бағыты туралы аталмыш қордың  төрағасы  К.Кеңесбаев кең көлемде түсініктеме жасады.

Кенже Садуақасұлы өз сөзінде  ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бүгінгі таңдағы еліміздегі имамдардың әлеуметтік жағдайы, асыл дінімізді дамыту, ел болашағы-жастарды түрлі діни ағымдардан алдын алу жолдары туралы есебін тыңдау арқылы Елбасы Н.Назарбаевтың  әкімдермен іскер азаматтарға қарата жасаған арнайы ескертуін назарда ұстаған облыс әкімі Қ.Бозымбаев осы «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының құрылуына ұйытқы болғанын тілге тиек етті. Қор төрағасы арықарай, елімізде ата заң бойынша дін мен мемлекет бөлек, бірақ дін тағдыры мемлекет тағдырына тікелей қатысты болғандықтан мемлекет тарапынан  ата-бабамыздан жалғасқан дәстүрлі дінімізді дамытуды үнемі назарда ұстап келгенін айтты. Себебі, кез-келген мемлекет басшысы елде тыныштық орнағанын қалайды. Мемлекеттік саясат та осыған бағытталады. Мемлекетті құрайтын – қоғам. Ал, дінсіз қоғам болмайтыны айтпаса да түсінікті екендігін айта келе,  облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің «pvlmeshit.kz» сайты арқылы облыс имамдары арасына іс-қызметтер көрсеткіштері бойынша «Іскер имам» тақырыбында өзара жарыс ұйымдастыру қолға алынуда. Жақсылққа бағытталған бұл бәсекелестік арқылы имамдардың жұмысына ай сайын бақылау қойып, қорытынды жасап отыратын боламыз деді.

Өкіл имам мен «Әбу Ханифа» қоры төрағасының келісімімен имамдарға ай сайын тұрақты қайырымдылық көмек жасап тұруға ұйғарылды.  Бір сөзбен айтқанда, оларға атқарған қызметтерінің нәтижесіне қарай ауыл имамдарына аудан мешіті алқа мүшелерінің шешімімен, ал қала, аудан имамдарына облыстық орталық мешіті алқа мүшелерінің шешімімен ай сайын ақшалай көмек беріліп отыратын болады. Сондықтан да әр мешітте мешіт имамы бастаған алқа мүшелерін қайтадан жаңарту, жаңалау, белсенді, қалталы, білімді, иманды азаматтармен толықтыру  қажеттігі туындауда.

 «Әбу Ханифа» Қоғамдық Қорының қаражаты тікелей облыс әкімінің қолдауы арқылы демеушілік жолымен жиналды. Арықарай да қордың қаржысын толықтырып отыруды да облыс әкімі өз қолына алып отыр. Қасиетті дінімізді дамыту, имамдардың әлеуметтік мәселелерін шешу ісінде көмек қолын созған облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың атына облыс имамдары атынан алғыс жолданды.

Еліміздің іргесі берік, бірлігі мығым болғай. Ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген аға-бауырларымыздың жұмысы берекелі болсын деп тілеймін! Халық аман, ел тыныш болсын. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру