Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдар алғыс хатпен марапатталды

19.10.2014 3936 0 пікір


18-қазан – ҚР Рухани келісім күні. Тәуелсіз қазақ елінің маңызды мақсаттарының бірі – қоғамның тыныштығы мен әлеуетінің жоғары болуы. Рухани келісім татулық пен бірлік, ынтымақ пен ұйымшылдық, ұлттар мен ұлыстардың, жалпы адамзаттың бейбіт те бақытты өмір сүруінің басты құндылығы. Жыл сайын елімізде Рухани келісім күні атап өтілуде. Бұл атаулы күн 1992 жылдың 18-қазанында Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен күннен бастау алды.

Атырау қаласының «Құрманғазы» мәдениет үйінде «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты салтанатты шара өтті. Аталмыш басқосуға облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиева, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Б.Мансұров, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Е.Шохаев және өңірдің басқарма басшылары, діни бірлестіктер және мемлекеттік орган өкілдері, АНТ мүшелері, мешіт имамдары, республикалық және қоғамдық пікір көшбасшылары, қоғамдық бірлестіктер басшылары, БАҚ өкілдері, ЖОО-ның студенттері қатысты.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева барша қатысушыларға өңір әкімінің құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың нығаюына өзіндік үлесін қосып, үлгілі еңбегімен танылып жүрген түрлі сала қызметкерлері алғысқа бөленді. Өңіріміздегі діни тұрақтылық пен оның дамуына ерен еңбегі, сүбелі үлесі бар ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы және «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы, теолог-дінтанушы Қанат Жұмағұл облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Дін істері басқармасының алғыс хаты Индер аудандық «Әйіпқажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиевқа табыс етілді.

Айтулы шарада құттықтау сөз сөйлеген Атырау өңірінің өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы: «Мемлекетіміздің салмақты саясатының нәтижесінде қоғам өмірінің бейбіт те берекелі, біртұтас келбетінің бұзылмай, қайта қанат жайып, рухани келісім мен түсініктің тереңдей түскені – еліміздің әлемдік деңгейдегі мәртебесі болып табылады», - деді.

 «Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру